Камералық ансамбль және ішекті квартет бөлімі мектептің арнайы музыкалық және оқу пәндері жүйесінде маңызды орын алады. Шығармашылық тұрғыдан ойлайтын музыканттарды тәрбиелеуді мақсат ете отырып, камералық ансамбль пәні ансамбльдік орындаушылық өнер ретінде, кең мағынада кәсіби музицирлеудің бастау көздерінен бастау алып, Ахмет Жұбанов атындағы мектептің даму тарихымен табиғи түрде үндеседі.
Бөлімнің негізін қалаған, пәнді оқытудың академиялық әрі кәсіби базасын қалыптастырған көрнекті ансамблистер мен білікті педагогтар – И. В. Шабынина, Ф. Д. Мавриди. Ерекше атап өтуді қажет ететін тұлға – Клара Ароновна Господарь. Ол – көптеген орындаушылар мен педагогтарға көркемдік талғамды қалыптастыру, стильді, форманы және орындалатын шығарманың мазмұнын түсіну бағытында терең білім мен дағды дарытқан музыкант әрі ұстаз.
Ұзақ жылдар бойы бөлімде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А. А. Акбаров еңбек етті. Ол өз уақытында мектептің камералық оркестрін басқарып, оқушыларды шетелдік гастрольдерге тұрақты түрде алып шығып отырды. Сонымен қатар, ішекті квартет сыныбын белсенді жүргізді.
Квартеттің тарихы 1988 жылдан бастау алады. Сол кезеңде ұжымды Ахмет Жұбанов атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаттың педагогы Дина Чуренова басқарды. Ұжымның идеялық шабыттандырушыларының бірі – ҚазССР халық әртісі, композитор Ғазиза Жұбанова болды. Кейіннен квартетке оның есімі берілді.
Көптеген жылдар бойы бөлімде жас ансамблистерді Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Э. С. Валиева тәрбиеледі. Бөлімнің дамуына магистр, пианист Р. М. Сүлейменов те зор үлес қосты.
Камералық ансамбль және ішекті квартет бөлімі халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттарын дайындау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп, мектептің концерттік өміріне белсене қатысады. Қазіргі таңда бөлімде Е. Г. Гимарат, Ә. А. Қазымбек, А. Кистаубаев, А. М. Абилсеит, С. Ж. Жамбылбай, А. Т. Касимова еңбек етеді.
2025 жылы бөлім оқытушылары Ә. А. Қазымбек пен Е. Г. Гимараттың бастамасымен Ахмет Жұбанов атындағы Халықаралық жас орындаушылар байқауының бағдарламасы кеңейтіліп, «Камералық ансамбль» және «Ішекті квартет» номинациялары енгізілді. Аталған номинациялар 2026 жылдың ақпан айында өткен жоба аясында сәтті жүзеге асырылды.
Жыл сайын бөлім оқушылары концерттік қызметке белсенді қатысып, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы сияқты жетекші сахналарда өнер көрсетеді.
Гимарат Ерназар Габитович
Пианист, педагог, қоғам қайраткері, музыкалық редактор

Пианист, педагог, қоғам қайраткері, музыкалық редактор, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты, «Art Forum of Kazakhstan» Халықаралық шығармашылық ұйымының Бас директоры, Қазақстанның Музыкалық қайраткерлер одағының мүшесі, О. Сүлейменов атындағы «Халықтар достастығы» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ҮЕҰ сыйлығының лауреаты және «Тәуелсіздік ұрпақтары» мемлекеттік грантының иегері, «Kazakh Piano Fest» халықаралық фортепиано музыка фестивалінің көркемдік жетекшісі, өнертану магистрі және Ресей Федерациясының орындаушылық өнер магистрі.
Музыкалық білімін Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында (оқытушысы Р.М. Юсупова сыныбы) бастады. Білімін Күләш Байсейітова атындағы республикалық орта мамандандырылған музыка мектеп-интернатында жалғастырып, профессор С.А. Массовердің сыныбында үздік бітірді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, онда бакалавриатты (2022) және магистратураны (2024) үздік аяқтап, өнертану магистрі дәрежесін алды. 2026 жылы З. Исмагилов атындағы Уфа мемлекеттік өнер институтын тәмамдап, профессор, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі Л.А. Франктың класында аспаптық орындаушылық өнер магистрі дәрежесін иеленді.
Белсенді орындаушылық қызметі барысында Ерназар Гимарат 30-дан астам халықаралық конкурстардың лауреаты атанды. Олардың қатарында А. Франк, И. Аврамкова, Н. Перельман, И. Стравинский атындағы конкурстар, Австриядағы халықаралық аспаптық орындаушылар байқауы және басқа да беделді музыкалық додалар бар.
Педагогикалық қызметі барысында Қазақстан, Қытай, Беларусь және Ресей елдерінде өткен халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары мен жүлдегерлерін даярлады. Олардың қатарында: «Санкт-Петербург әлемдік музыкалық мәдениет айнасында» атты XI халықаралық конкурс (Ресей) – I сыйлық; В. Өзбеков атындағы халықаралық камералық музыка конкурсы (Астана) – I және III сыйлықтар; «Grand Art Express – China» – II сыйлық; «ACCO Premium» V Халықаралық байқауы (Беларусь) – I сыйлық; «Dialogue of Culture» III республикалық аспаптық орындаушылық байқауы (Алматы) – Гран-при; Ғазиза Жұбанова атындағы I республикалық камералық музыка байқауы (Ақтөбе) – Гран-при; Ахмет Жұбанов атындағы XX халықаралық жас орындаушылар байқауы (Алматы) – I және III сыйлықтар, диплом және Ғазиза Жұбанова атындағы арнайы диплом.
Ерназар Гимарат сонымен қатар қазақстандық композиторлардың мұрасы мен музыкалық өнер мәселелеріне арналған ғылыми, оқу-әдістемелік және ноталық басылымдардың құрастырушысы және редакторы болып табылады. Олардың қатарында: Қазақ КСР халық әртісі, профессор Бакир Баяхуновтың «Фортепианоға арналған концерттік пьесалар» жинағы; Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, профессор Иосиф Коганның скрипка мен фортепианоға арналған қазақ тақырыптарындағы үш жинағы; «Ева Коганның ғылыми және ғылыми-әдістемелік мұрасы» жинағы; «Ева Коган репертуарындағы қазақстандық композиторлар шығармалары» атты екі томдық; «Өнердегі тұлға: тарих және қазіргі заман» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары жинағы; «Ева Коган. Қазақ тақырыптарына 12 фортепианолық пьеса» жинағы; «Бакир Баяхунов. Фортепианоға арналған сонаталар» жинағы; «Жүрегімдегі Қазақстан. Коган музыкалық әулетіне арнау» кітабы; «XXI ғасыр музыкалық мәдениетіндегі тұлға – шығармашылық – білім» атты I және II халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар материалдарының жинақтары. Сондай-ақ аудио басылымдар жарық көрген: «Ева Коган орындауындағы қазақстандық композиторлар шығармалары» және «Бакир Баяхунов. Е. Гимарат орындауындағы фортепиано сонаталары» дискілері.
Кәсіби қызметі барысында Ерназар Гимарат жақын және алыс шетелдердің жетекші оқу орындарында шеберлік сабақтарын өткізді. Атап айтқанда: Қара Қараев атындағы Орталық музыка мектебі (Баку), Уфа орта арнайы музыка колледжі, Палиашвили атындағы Орталық музыка мектебі (Тбилиси), Баланчивадзе атындағы Орталық музыка мектебі (Кутаиси), К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті (Астана), Глинка атындағы Мемлекеттік музыкалық колледжі (Минск), Евгений Глебов атындағы Могилев мемлекеттік өнер гимназия-колледжі (Могилев).
Орындаушылық және ұйымдастырушылық қызметі үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған.
Концерттік және ұйымдастырушылық қызметімен қатар, Гимарат Е. Г. ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысып, халықаралық және республикалық ғылыми журналдарда мақалалар жариялап келеді. Ол келесі ғылыми еңбектердің авторы: «Ева Коганның ғылыми және ғылыми-әдістемелік мұрасы», «Қазақстан музыкалық өнерінің көрнекті негізін қалаушылар», «Интернет-коммуникациядағы тіл: желілік сленг және сөйлеу мәдениеті», «Абай Құнанбайұлы өлеңдерінің ерекшелігі», «Ева Коганның орындаушылық шығармашылығы», «Ева Коган класы», «Халықаралық музыкалық жобалардағы мәдени дипломатия құралы ретінде дәстүрлі мәдениет», «Музыкалық көпірлер: Қазақстан мен Әзербайжан кәсіби музыканттарының ынтымақтастығы», «Профессор Е. Коганның музыкалық мұрасындағы А. Жұбанов шығармашылығы», «Қазақстан мен Өзбекстан музыканттарының мәдени және кәсіби байланыстары: дәстүрлер мен перспективалар», «Атау мәдени стратегия ретінде: Ахмет Жұбанов атындағы конкурс және қазіргі көркемдік кеңістіктің қалыптасуы».
Педагогикалық қызметі кезеңінде Гимарат Е. Г. беделді халықаралық конкурстарға қазылар алқасының мүшесі ретінде бірнеше рет шақырылған. Олардың қатарында: В. Өзбеков атындағы I халықаралық камералық музыка байқауы (Астана), «MECMA» III халықаралық жас орындаушылар байқауы (Дубай), «Akdeniz Sounds» II халықаралық байқауы (Анталья).
Қазымбек Әйгерім Аманжолқызы
Пианист, педагог және концертмейстер, А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының «Камералық ансамбль және ішекті квартет» бөлімінің оқытушысы

Музыкалық білімін Қостанай қаласындағы №1 балалар музыка мектебінде (Т. В. Петуханова сыныбы) бастап, кейін А. Жұбанов атындағы республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында (Э. С. Валиева сыныбы) жалғастырды. 2020 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын аспаптық орындаушылық мамандығы бойынша (профессор Г. С. Нұрланова сыныбы) тәмамдады.
2018 жылдан бастап А. Жұбанов атындағы РҚМММИ-де педагогикалық қызмет атқарады. Концертмейстерлік қызметін осы жылдан бастап Т. Г. Ткишев сыныбында бастап, кейін Р. Ф. Такежанова, Ш. А. Рахметчина, Д. Е. Махмуд, А. Жанпейісова сынды белгілі педагогтармен шығармашылық байланыста жұмыс істеді.
2025 жылдан бастап «Камералық ансамбль және ішекті квартет» бөлімінде оқытушылық қызметін жалғастыруда.
Айгерим Аманжолқызы – республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты. Оның жетістіктері қатарында:
– Жас музыканттардың облыстық байқауы (Қостанай, 2010) – Гран-при
– Жас орындаушылардың республикалық байқауы (Алматы, 2010) – II орын
– «Звуки весны» халықаралық байқауы (Ақтөбе, 2010) – II орын
– Студенттер арасындағы республикалық олимпиада (Алматы, 2016) – I орын
– «РЕ-ЛИГО» рухани музыка халықаралық байқауы (Санкт-Петербург, 2016) – I орын
Сонымен қатар, ол республикалық және халықаралық байқаулар мен ғылыми-практикалық конференциялардың ұйымдастырушысы ретінде танылып, мектептің қоғамдық және шығармашылық өміріне белсенді атсалысуда. Айгерим Қазымбек өз қызметінде кәсіби шеберлік пен шығармашылық ізденісті үйлестіре отырып, жас музыканттарды тәрбиелеуге зор үлес қосып келеді.
Кистаубаев Айдос Алтынбекович
Пианист, А. Жубанов атындағы РҚМММИ-ның «Камералық ансамбль және ішекті квартет» бөлімінің оқытушысы

2015 жылы осы мектепті халық әртісі Қадырбекова Г.И. сыныбында үздік тамамдап, ҚҰК оқуға түскен. 2019 жылы консерваторияны үздік аяқтады. 2025 жылы педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін алды (Абай ат. ҚазҰПУ). Белсенді педагогикалық және концерттік қызмет атқарады. Бірнеше ғылыми мақалалар авторы. Жұмыс барысында республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттарын дайындады.
Абилсеит Аружан Мейрбеккызы
А. Жубанов атындағы РҚМММИ-ның «Камералық ансамбль және ішекті квартет» бөлімінің оқытушысы

Музыкалық білімін Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық орта мамандандырылған музыка мектеп-интернатында (К.Х.Мулдагалиева сыныбы) бастап, оқу орнын үздік бітірді. Одан әрі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында (Н.Е.Сагимбаев сыныбы) білімін жалғастырып, бакалавриат пен магистратураны үздік тәмамдап, өнертану ғылымдарының магистрі дәрежесін алды.
Еуропалық Одақтың Erasmus+ халықаралық білім беру бағдарламасының стипендианты. Аталған бағдарлама аясында Испаниядағы Conservatorio Superior de Vigo оқу орнында академиялық ұтқырлық бойынша білім алып, кәсіби тағылымдамадан өтіп, Виго қаласының симфониялық оркестрі құрамында өнер көрсетті.
2022 жылдан бастап Т. Әбдірашев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің альттар тобының әртісі (Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы). Қазақстанда және шетелде белсенді концерттік-орындаушылық қызмет атқарады.
Қазіргі уақытта педагогикалық қызметпен белсенді айналысады. А. Жұбанов атындағы Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында «Ішекті квартет» сыныбының оқытушысы, П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде альт және камералық ансамбль пәнінің оқытушысы, Педагогикалық қызметінде оқушылардың кәсіби орындаушылық дағдыларын қалыптастыруға, ансамбльдік ойлауын дамытуға және көркемдік интерпретациясын жетілдіруге ерекше көңіл бөледі.
Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты. Халықаралық фестивальдерге, шеберлік сабақтарына және білім беру жобаларына белсенді қатысады. Солардың қатарында Германияда өтетін заманауи музыка саласындағы ең беделді халықаралық жобалардың бірі — Дармштадт жазғы курстары мен фестиваліне қатысушы, сондай-ақ Швейцариядағы профессор Женевьева Строссердің сыныбында тағылымдамадан өткен.
Әлемдік деңгейдегі музыканттармен, дирижёрлармен және композиторлармен шығармашылық байланыста жұмыс істеген.
Альт өнері саласы бойынша ғылыми еңбектердің авторы, ғылыми конференцияларға қатысып, музыкалық мәдениеттің дамуына өз үлесін қосып келеді.
Жамбылбай Сәкен Жанатұлы
А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатындағы камералық ансамбль және ішекті квартет бөлімінің ұстазы

Сонымен қатар, Т. Әбдірашев атындағы мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің әртісі.
Білімі:
• 2004–2016 жж. – А. Жұбанов атындағы РҚМММИ (Алматы)
• 2016–2020 жж. – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы
• 2020–2022 жж. – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, магистратура (өнертану ғылымдарының магистрі)
Педагогикалық қызметі:
• 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап – А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ оқытушысы.
Ғылыми және шығармашылық қызметі:
• Студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы аясында «Жаңа медиа: эволюция және қазіргі қоғамға әсері» тақырыбында ғылыми мақаласы жарық көрді.
• «Ustaz» педагогтерді үздіксіз дамыту орталығында 80 академиялық сағат көлемінде кәсіби біліктілікті арттыру курсынан өтті.
• Түркия, Стамбул қаласында өткен BAU Conservatory World Music Camp халықаралық музыкалық конференцияға қатысты (27 қараша – 1 желтоқсан 2025 ж.).
Касимова Анеля Талғатқызы
А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатындағы камералық ансамбль және ішекті квартет бөлімінің ұстазы

Музыкалық білімін Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында Бардашов В.В. сыныбын үздік бітірді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Аталған оқу орнында бакалавриатты (2019 ж. Халилова Қ.М.) және магистратураны (2021 ж. профессор Медеубаева С.М.) үздік аяқтап, өнертану магистрі дәрежесін алды.
Шығармашылық-орындаушылық қызметі барысында Анеля Касимова халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты атанды. Көптеген халықаралық фестивальдер мен жобаларда өнерін көрсеткен. Соның ішінде «Türksoy» халықаралық жас орындаушылар оркестрі, Грузия мемлекетінде өтетін «Tsinandali Festival» атты жас орындаушылар фестивалі т.б. Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі орындаушылардан, Лиана Исакадзе, Шернияз Мұсахан, Кристофф Баратти атты музыканттардан мастер класс алған.