А. Жұбанов атындағы мектептің ағаш үрлемелі аспаптар бөлімі – республика көлемінде жоғары жетістіктерімен танылған, кәсіби деңгейі жоғары шығармашылық орталардың бірі. Бөлім педагогтері мен шәкірттері өнер жолында үздік нәтижелер көрсетіп, өз есімдерін кеңінен танытып келеді.
Ұстаздар қауымы кәсіби шеберлікті ұдайы жетілдіріп, білім беру сапасын арттыруға зор көңіл бөледі. Олар оқушылардың орындаушылық техникасын дамытумен қатар, көркемдік талғамын қалыптастырып, шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді. Әрбір шәкірттің өз аспабын жетік меңгерген, жан-жақты музыкант болып қалыптасуына барлық жағдай жасалған.
Академиялық музыкалық білім беру жүйесінде ағаш үрлемелі аспаптарда орындау мектебі ерекше маңызға ие. Кез келген мемлекеттің мәдени деңгейі оның өнер ұжымдарының кәсібилігімен бағаланатыны белгілі. Осы орайда академиялық және үрлемелі оркестрлердің рөлі айрықша. Сол себепті бұл бөлім А. Жұбанов атындағы мектепте алғашқылардың бірі болып ашылып, бүгінгі күнге дейін өз маңызын сақтап келеді.
Бөлімнің қалыптасуы мен дамуына тұңғыш директор Т.М. Өзбеков үлкен үлес қосты. Оның басты мақсаты – республикадағы өнер ұжымдарына білікті мамандар даярлап, жоғары деңгейлі педагогтар мен орындаушыларды тәрбиелеу болды. Алғашқы ұстаздар Мәскеу және бұрынғы КСРО елдерінің жетекші оқу орындарын тәмамдаған тәжірибелі мамандар еді. Олардың бірқатары Мемлекеттік симфониялық оркестрде, Абай атындағы опера және балет театрында және басқа да беделді шығармашылық ұжымдарда қызмет атқарды. Сонымен қатар Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының оқытушылары да бөлім жұмысына белсенді атсалысты.
Қазіргі таңда бөлімде жоғары білікті педагогтер еңбек етуде.
Флейта сыныбының оқытушылары: ҚР Мәдениет саласының үздігі Оспанова А.А., Бейсембаева Г.А., Бисенгалиева А.Ө., Байбосынова А.Е.
Гобой сыныбының оқытушылары: ҚазССР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің кавалері, профессор, Қазақстанның еңбек ардагері Темір Ғабдуллинұлы Ткишев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айгуль Кайржановна Габдуллина, Ауельбекова К.Б., Қасымбаева Б.М.
Кларнет сыныбының оқытушылары: ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Исенов Т.Ж., Құрманғалиев А.А., Салимбаев Э.Э.
Фагот сыныбының оқытушылары: Мәдениет қайраткері Айгалкаев Н.А., Толымбекбаев З.
Саксофон сыныбының оқытушылары: ҚР Мәдениет саласының үздігі, бөлім меңгерушісі Сембаев Д.Б. және Мусаипов А.Х.
Бөлім оқушылары республикалық және халықаралық байқауларға белсенді қатысып, тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетуде. Атап айтқанда, жас орындаушылардың республикалық конкурстары, А. Жұбанов атындағы халықаралық байқау, «Астана Мерей», «Дельфий ойындары», «Шабыт» халықаралық фестиваль-конкурсы және Ресейдің Рязань, Тольятти, Новосібір, Орынбор, Санкт-Петербург қалаларында өткен беделді байқауларда жүлделі орындарға ие болды.
Ұстаздар шығармашылық ізденістерін тоқтатпай, концерттік қызметке белсенді қатысып, түрлі шығармашылық кештер ұйымдастырады. Бөлімде тәжірибе алмасу дәстүрі сақталып, шәкірт тәрбиелеу ісі үздіксіз жалғасуда. Көптеген түлектер жоғары оқу орындарын тәмамдаған соң туған мектебіне оралып, ұстаздық қызметін жалғастырып келеді.
А. Жұбанов атындағы халықаралық жас орындаушылар байқауының беделі жыл сайын артып, қатысушылар географиясы кеңеюде. Бүгінде бұл байқауға Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Балтық жағалауы елдерінен жас музыканттар қатысады. Бөлім шәкірттері Гран-при, І, ІІ, ІІІ орындарға ие болып, жоғары кәсіби дайындықтарын дәлелдеуде.
Қорытындылай келе, ағаш үрлемелі аспаптар бөлімінің педагогикалық ұжымы – сапалы білім мен шығармашылық дамудың берік негізі. Бұл бөлім Қазақстан музыка өнеріне жаңа буын кәсіби мамандарды даярлайтын, дәстүрі қалыптасқан маңызды білім ордасы болып табылады.











Сембаев Даурен Бауыржанұлы
«Үрмелі ағаш аспаптар» бөлімінің меңгерушісі, саксофон педагогы, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі

Музыкалық білімін Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында қалыптастырып, саксофон сыныбын тәмамдады. 2015–2019 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жоғары білім алды.
2009 жылдан бастап Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ-де педагогикалық қызмет атқарып келеді. Ұзақ жылдар бойы шығармашылық және педагогикалық қызметін табысты ұштастырып, жас музыканттардың кәсіби қалыптасуына елеулі үлес қосып келеді.
Педагог ретінде көптеген дарынды шәкірттер тәрбиелеп, олардың қатарынан халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттарын дайындады. Оның түлектері Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын, Мәскеудегі Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясын, Новосибирск мемлекеттік консерваториясын, сондай-ақ Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетін тәмамдап, бүгінде Қазақстанның жетекші оркестрлерінде қызмет атқарып, музыкалық білім беру мекемелерінде ұстаздық етуде.
2021 жылы «Музыка пәні арқылы ұлттық тәрбие беру» атты әдістемелік оқу құралының құрастырушы-авторы ретінде педагогика саласына ғылыми-әдістемелік үлес қосты.
2026 жылдан бастап «Үрмелі ағаш аспаптар» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Кәсіби жетістіктері мен жас ұрпаққа сапалы музыкалық білім беріп, саксофон өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін 2024 жылы Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Темір Ғабдуллинұлы Ткишев

Темір Ғабдуллинұлы Ткишев – ҚазССР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің кавалері, профессор, Қазақстанның еңбек ардагері, еліміздің білім және мәдениет саласының құрметті қызметкері, «Art Forum of Kazakhstan» халықаралық шығармашылық ұйымының сарапшысы, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ арнайы музыка мектебінің негізін қалаушылардың бірі.
Ол Ресей, Украина, Германия, Франция, Англия, АҚШ, Австралия, Испания, Қытай, Жапония, Таиланд және басқа да 20-дан астам елде гастрольдік-концерттік сапарлармен өнер көрсетіп, халықаралық ғылыми конференцияларға тұрақты түрде қатысып келеді. 25 жылдан астам уақыт Халықаралық гобойшылар қауымдастығының (IOA) мүшесі. 1964 жылы Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінің құрылуына қатысып, алғашқы гобой сыныбын ашқан және бүгінгі күнге дейін осы мектепте ұстаздық қызметін жалғастырып келеді. 1966–1998 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында дәріс берген.
1962–1998 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің шақыруымен және бас дирижер Ф. Мансуровтың ұсынысымен Мемлекеттік симфониялық оркестрде гобойшылар тобының концертмейстері әрі солисі ретінде қызмет атқарған. Сонымен қатар Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде 50 жылдан астам уақыт еңбек еткен.
Оның 100-ден астам шәкірті бүгінде Қазақстанда, Англияда, Канадада, Ресейде консерваторияларды тәмамдап, мемлекеттік оркестрлерде жетекші орында, сондай-ақ жоғары оқу орындарында қызмет атқарып жүр.
Т. Ткишев ғылыми-әдістемелік жұмыстармен белсенді айналысып, «Гобой және оның жеке және камералық әдебиетте қолданылуы», «Қазақстан композиторларының гобой мен фортепианоға арналған екі жинағы», «Гобойға арналған 12 этюд», «Мамандық бойынша сабақ ұйымдастыру», «Қазақстан композиторлары шығармаларындағы оркестрлік қиындықтар», «Гобойшы тілінің шапшаңдығын дамыту», «Б. Савельевтің гобойға арналған концертіне орындаушылық талдау», сондай-ақ «Үш жарым октаваға тең өмір» атты еңбектердің авторы.
Темір Ткишев – қазақстандық композиторлардың гобой мен симфониялық оркестрге арналған көптеген шығармаларының алғашқы орындаушысы. Оның орындауында М. Сағатовтың концерті, С. Мұхамеджановтың «Поэмасы», Н. Мендығалиевтің романсы, О. Гейльфустың «Элегиясы», К. Құжамьяровтың флейта мен гобойға арналған концерті, А. Тоқсанбаевтың, Б. Лучинскийдің, Е. Андосовтың, А. Луначарскийдің концерттері, С. Кибированың шығармалары, В. Новиковтың сонатасы, А. Каревтің «Скоморошина» пьесасы бар.
Ол радио, теледидар және грампластинкаларға көптеген шығармаларды жаздырған, Қазақстанда алғаш рет клавесин және органмен концерттер орындаған. Бұл концерттердің көпшілігі премьера ретінде ұсынылған. Солист әрі оркестр әртісі ретінде Композиторлар одағының съездері мен пленумдарына, фестивальдерге, сондай-ақ Қазақстан мәдениетінің шетелдердегі күндеріне қатысқан.
40 жылдан астам орындаушылық қызметінде Т. Ткишев Ф. Мансуров, В. Яковлев, Г. Дугашев, И. Островский, Ш. Қажығалиев, Т. Мынбаев сынды белгілі дирижерлермен жұмыс істеп, әлемнің көптеген көрнекті музыканттарымен бірге сахнада өнер көрсеткен. Польша, Чехословакия, Болгария, Португалия, Австралия, Америка және басқа елдердің ірі концерт залдарында өнер көрсеткен. Қазақстан өнері мен мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Темір Ткишев Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің көптеген грамоталарымен марапатталған, мемлекеттік наградалар мен медальдардың иегері.
Исенов Тасмұқан Жақсығалиұлы
Кларнет педагогы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Музыкалық білімін Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында алды (1965–1972). Аталған оқу орнында кәсіби музыкалық дайындықтың негізін меңгеріп, үрмелі аспаптар орындаушылығы бойынша алғашқы шығармашылық жетістіктеріне қол жеткізді. 1977 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдап, кәсіби кларнетші ретінде шығармашылық жолын бастады.1976 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінде еңбек етіп, ұзақ жылдар бойы кларнет тобының концертмейстері қызметін атқарды. Оркестр құрамында көптеген симфониялық концерттерге, республикалық және халықаралық мәдени жобаларға қатысып, классикалық және заманауи репертуарды жоғары кәсіби деңгейде орындады. Оркестрдегі көпжылдық қызметі барысында жоғары кәсіби шеберлігімен, орындаушылық мәдениетімен және үйлесімділігімен танылды.
1990 жылдан бастап Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінде педагогикалық қызмет атқарып келеді. Ұстаздық қызметінде жас музыканттарды кәсіби орындаушылық өнерге баулып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Көп жылдық тәжірибесі мен педагогикалық шеберлігінің арқасында көптеген талантты музыканттарды тәрбиелеп шығарды. Оркестрде жоғары санатты маман, ал білім беру саласында педагог-зерттеуші санатына ие.
Исенов Тасмұқан Жақсығалиұлының шәкірттері халықаралық және республикалық байқауларда табысты өнер көрсетіп, жалпы саны 100-ден астам рет лауреат және жүлдегер атанды. Оның тәрбиелеген музыканттары Қазақстанның және шетелдің түрлі оркестрлері мен музыкалық оқу орындарында кәсіби қызмет атқарып келеді.
Көпжылдық шығармашылық және педагогикалық еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. 2001 жылы «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен, 2004 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 2016 жылы «Мәдениет саласының үздігі» медалімен, 2018 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына (2011) және 30 жылдығына (2021) арналған мерейтойлық медальдардың иегері.
2022 жылы мәдениет пен өнер саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 2010 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы көлемінде жарық көрген «Білім беру ісінің үздіктері» энциклопедиясына енгізілді.
Ғабдуллина Айгүл Қайыржанқызы
Тәжірибелі ұстаз, педагог-шебер, жоғары білікті музыкант, гобой сыныбының оқытушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

1981 жылы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған мектеп-интернатын гобой аспабы бойынша профессор Т.Ткишевтің сыныбында тәмамдады. Сол жылы Мәскеу қаласындағы ағайынды Гнесиндер атындағы Мемлекеттік музыка – педагогикалық институтына түсіп, профессор И.Ф.Пушечниковтың гобой класы бойынша білім алды. 1986 жылы аталған оқу орнын сәтті аяқтады.
Еңбек жолын 1986 жылы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде оқытушы қызметінен бастады. 1991–2005 жылдары мектептің үрлемелі және ұрмалы аспаптар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2008–2017 жылдары директордың музыка ісі жөніндегі орынбасары ретінде мектептің оқу-шығармашылық қызметін дамытуға елеулі үлес қосты. Аталкезеңде Ахмет Жұбанов атындағы жас орындаушылар арасындағы байқаудың халықаралық деңгейге көтерілуіне бастамашы болып оның концепциясын, құрылымын және бағдарламасын әзірледі. Сонымен қатар Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Ұлыбритания, Германия, Беларусь елдерінің музыканттарымен шығармашылық байланыс орнатты.
Педагог ретінде 40 жыл уақыт ішінде көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттарын тәрбиелеп шығарды. Оның шәкірттері Қазақстан және Ресейдің жетекші симфониялық оркестрлерінде қызмет атқарады. Атап айтқанда, Маржан Оразбаева мен Ерік Чалабаев – Жаңа Ресей» оркестрінің және Мәскеу солистері камералық ансамблінің артистері; Жаннәт Жүнісбаева мен Аида Ермекова – Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушылары; Қасым Айтбаев – Қорғаныс министрлігінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің бас дирижері; Бекжан Төлегенов – эстрадалық-симфониялық оркестр артисі. Сонымен қатар Әсем Нүсіпова Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясын тәмамдап, қазіргі таңда К.Байсеитова атындағы музыкалық мектепте ұстаздық қызмет атқаруда, Аяжан Оспанбаева – Т.Абдрашев атындағы Мемлекеттік симфониялық оркестрдің солисі. Данияр Ерман – халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты.
2014 жылы мектептің 50 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Асыл-Мұра аманат» кітабының редакция алқасының мүшесі болды. Сондай-ақ Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасында өткен мерейтойлық концерттің сценарийі мен бағдарламасын әзірлеуге және ұйымдастыру жұмыстарына белсенді қатысты. Кәсіби жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан, сондай-ақ Ресей, Түркия, Болгария елдерінің мәдениет мекемелері тарапынан жоғары марапаттарға ие болды. 2011 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен наградталды. 2025 жылы Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Айғалқаев Нұртас Алдиярович
Фагот педагогы
«Үрмелі жəне ұрмалы аспаптар» бөлімінің оқытушысы, педагог- зерттеуші

Музыкалық білімін Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында алды (1975-1982). Аталған оқу орнында кəсіби музыкалық дайындықтың негізін меңгеріп, үрмелі аспаптар орындаушылығы бойынша алғашқы шығармашылық жетістіктеріне қол жеткізді.
1982-1990 жж. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тəмамдап, кəсіби фаготшы ретінде шығармашылық жолын бастады.
1985-1990 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваттриясында, жəне П.И.Чайковский атындағы АМК колледжінде, сондай-ақ 2001 жылдан бастап А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ үрмелі жəне ұрмалы бөлімінің оқытушысы болды. Ұстаздық қызметінде жас музыканттарды кəсіби орындаушылық өнерге баулып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Көп жылдық тəжірибесі мен педагогикалық шеберлігінің арқасында көптеген талантты музыканттарды тəрбиелеп шығарды.
2010 жылы «Мəдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды. Н. Айғалқаев көптеген талантты орындаушыларды, республикалық жəне Халықаралық байқаулардың лауреаттарын тəрбиеледі. Оның түлектері Қазақстан Республикасының оркестрлерінде жəне шығармашылық ұжымдарында, сондай-ақ жақын жəне алыс шет елдерде табысты жұмыс істейді.
Табысты жұмыс істеген жылдары Н. Айғалқаев лауреаттарды дайындағаны үшін Алғыс хаттармен жəне Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Оспанова Айжан Алтынбековна
Флейта педагогы, «Мәдениет саласының үздігі»

Музыкалық білімін Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында алды (1970–1979). Аталған оқу орнында кәсіби музыкалық дайындықтың негізін меңгеріп, үрмелі аспаптар орындаушылығы бойынша алғашқы шығармашылық жетістіктеріне қол жеткізді. 1984 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдап, кәсіби флейта маманы ретінде шығармашылық жолын бастады. 1980 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінде еңбек етіп, ұзақ жылдар бойы флейта тобының регулятор қызметін атқарды. Оркестр құрамында көптеген симфониялық концерттерге, республикалық және халықаралық мәдени жобаларға қатысып, классикалық және заманауи репертуарды жоғары кәсіби деңгейде орындады.
Оркестрдегі көпжылдық қызметі барысында жоғары кәсіби шеберлігімен, орындаушылық мәдениетімен және ансамбльдік үйлесімділігімен танылды.
2010 жылдан бастап Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінде педагогикалық қызмет атқарып келеді. Ұстаздық қызметінде жас музыканттарды кәсіби орындаушылық өнерге баулып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Көп жылдық тәжірибесі мен педагогикалық шеберлігінің арқасында көптеген талантты музыканттарды тәрбиелеп шығарды. Оркестрде жоғары санатты маман, ал білім беру саласында педагог-модератор санатына ие. Оспанова Айжан Алтынбековна шәкірттері халықаралық және республикалық байқауларда табысты өнер көрсетіп, жалпы саны 70-тен астам лауреат және жүлдегер атанды. Оның тәрбиелеген музыканттары Қазақстанның және шетелдің түрлі оркестрлері мен музыкалық оқу орындарында кәсіби қызмет атқарып келеді.
Айжан Алтынбековнаның оқушылары Халықаралық және Республикалық Мәскеу (Ресей), Ташкент (Өзбекстан), Бишкек (Кыргыстан), Алматы, Астана, Павлодар қалаларында өткізілетін конкурстарға белсене қатысып, I, II, III орын иегерi атанып жүр. Оның оқушылары Мәскеу қаласындағы Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясына, Shanghai Conservatory of Music SHCM (Шанхай), Қ.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне (Астана), Құрманғазы атындағы консерваторияға (Алматы) оқуға түсті.
Көпжылдық шығармашылық және педагогикалық еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. 2024 жылы Айжан Алтынбековна «Мәдениет саласының үздігі» құрметті атағы берілді.
Бейсембаева Гульзира Абдрахмановна

Бейсембаева Гульзира Абдрахмановна Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясын бітірген, кейін осы оқу орнының аспирантурасын тәмамдаған.
Қазіргі уақытта Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында үрмелі және ұрмалы аспаптар бөлімінің «Флейта» сыныбының ұстазы қызметін атқарады. Осы білім беру мекемесінде 2010 жылдан бері жұмыс істейді.
Педагогикалық қызметімен қатар, орындаушылық өнерде де жоғары нәтижелерге ие. Жамбыл атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық оркестрінде қызмет атқарады. Сонымен бірге мемлекеттік ағаш үрмелі аспаптар квинтетінде және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінде жұмыс істеген.
Халықаралық деңгейде Корея, Бразилия, Тайланд, Англия, Ресей, Беларусь, Украина, Израиль елдерінде гастрольдік сапарлармен концерттер берген.
Ғылыми-әдістемелік бағытта белсенді жұмыс жүргізеді. Республикалық басылымдарда «Флейта аспабы», «Флейта даму тарихы және орындау шеберлігі техникасы», «Абайдың музыкалық әлемі» атты мақалалары жарық көрген. 2021 жылы «Үрмелі және соқпалы аспаптар» авторлық бағдарламасын бірлесіп шығарған. 2025 жылы «Музыка пәні арқылы ұлттық тәрбие беру» атты әдістемелік көмекші құралдың авторларының бірі.
Оқушылары республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, жоғары нәтижелер көрсетуде. Халықаралық конкурстардың лауреаттарын дайындаған.
Еңбек жолында кәсіби жетістіктері үшін көптеген марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің грамоталарымен, республикалық және халықаралық конкурстардың дипломдарымен, алғыс хаттарымен марапатталған.
2014 жылы қазақ музыка өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталған.
Аульбекова Күлиза Бердібекқызы
Концерттік орындаушы, оркестр артисі, камералық ансамбль артисі, оқытушы Білімі және кәсіби даярлығы

Музыкалық білімін Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп- интернатында алды (1982–1992 жж.).
Аталған оқу орнында кәсіби музыкант дайындығының негізін меңгеріп, үрлемелі аспаптар орындаушылығы бойынша алғашқы шығармашылық жетістіктерге қол жеткізді:
1988 ж. — Республикалық конкурстың лауреаты.
1990 ж. — Орта Азия және Қазақстан Республикаларының үрлемелі және соқпалы аспаптар конкурсының лауреаты.
1991 ж. — Воронеж қаласы, Бүкілодақтық жас музыканттар байқауының лауреаты.
1993 ж. — Орта Азия және Қазақстан Республикаларының үрлемелі аспаптар орындаушыларының лауреаты.
1998 ж. — Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдап, кәсіби гобойшы ретінде шығармашылық жолын бастады.
Еңбек жолы 1999 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық Абай атындағы опера және балет театрының симфониялық оркестрінде еңбек етіп, ұзақ жылдар бойы гобой тобының концертмейстерінің көмекшісі ретінде қызмет атқаруда.
Оркестрдегі жоғарғы деңгейлі жоғарғы саннаттағы симфониялық оркестр әртісі. Көп жылдық қызметі барысында жоғары кәсіби шеберлігімен, орындаушылық мәдениетімен және ансамбльдік үйлесімділігімен танылды.
Педагогикалық қызметі 2009 жылдан бастап Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінде педагогикалық қызмет атқарып келеді. Білім беру саласында педагог- сарапшы санатына ие. Ұстаздық қызметінде жас музыканттарды кәсіби орындаушылық өнерге баурап, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлуде.Кулиза Бердібекқызының шәкірттері халықаралық және республикалық байқауларда табысты өнер көрсетіп келеді.
Марапаттары мен жетістіктері:
2014 ж. — «Астана-Мерей» жас орындаушылар байқауы, Диплом №015.
2015 ж. — Қазақстанның жас орындаушыларының ІІІ республикалық конкурсының жүлдегерін дайындағаны үшін грамотасы №071.
2016 ж. — Ташкент қ. «Ағаш үрлемелі аспаптар» Халықаралық конкурсы, І-премия, Диплом.
2017 ж. — XIII Халықаралық «Астана-Мерей» конкурсының лауреатын дайындағаны үшін «Алғыс хат» №036.
2017 ж. — V Республикалық Қазақстан жас орындаушылар конкурсының «Үрмелі және ұрмалы аспаптар» (гобой) номинациясы бойынша 14-16 жас аралығындағы топ жүлдегері, ІІ дәрежелі Диплом №11-003.
2017 ж. — Орындаушылардың XIII Халықаралық «Астана-Мерей» байқауының «Ағаш үрмелі аспаптар» номинация бойынша 17-18 жас аралығындағы топтың жүлдегері, Диплом №027.
2015 ж. — II дәрежелі дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары оқушыларының арасындағы Қазақстан жас орындаушыларының III республикалық конкурсының «Гобой» номинациясы бойынша 14-16 жас аралығындағы топ жүлдегері, Диплом №II-016.
2017 ж. — ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін А. Жұбанов атындағы Халықаралық жас орындаушылар байқауы, Диплом.
2017 ж. — V Республикалық Қазақстан жас орындаушылары конкурсы, І дәрежелі Диплом №-I-002.
2017 ж. — А. Жұбанов атындағы Халықаралық жас орындаушылар конкурсы (Алматы қ.). І дәрежелі лауреатты жоғары деңгейде дайындағаны үшін Диплом.
2019 ж. — ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің грамотасы (№GPK-021).
2019 ж. — ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің грамотасы (№GPK-021).
2021 ж. — ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Құрмет грамотасы» (Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры).
2023 ж. — А. Жұбанов атындағы Халықаралық жас орындаушылар конкурсы, диплом.
2023 ж. — Амина Хамитовна Алмасбекова атындағы блокфлейта орындаушыларының байқауы, І дәрежелі Лауреат дипломы.
2023 ж. — А. Жұбанов атындағы Халықаралық жас орындаушылар конкурсы, ІІІ дәрежелі диплом.
2024 ж. — Амина Хамитовна Алмасбекова атындағы блокфлейта орындаушыларының II байқауы, Гран-при дәрежелі диплом.
2024 ж. — Амина Хамитовна Алмасбекова атындағы блокфлейта орындаушыларының II байқауы, I дәрежелі диплом.
2025 ж. — Амина Хамитовна Алмасбекова атындағы блокфлейта орындаушыларының III байқауы, II дәрежелі диплом.
2025 ж. — XIII Республикалық Қазақстан жас орындаушылары конкурсының «Үрмелі және ұрмалы аспаптар» «Гобой» номинациясы бойынша, Гран-при диплом № -ГП-001.
2025 ж. — А. Жұбанов атындағы Халықаралық жас орындаушылар байқауы, II дәрежелі диплом.
2026 ж. — Ю.Н. Должиков атындағы үрлемелі және ұрмалы аспаптарда орындаушылардың VII Өңіраралық конкурс-фестивалі, І дәрежелі диплом, ІІ дәрежелі диплом.
2026 ж. — Ю.Н. Должиков атындағы үрлемелі және ұрмалы аспаптарда орындаушылардың VII Өңіраралық конкурс-фестивалінде қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысып, жоғары кәсіби шеберлік танытқаны үшін «Алғыс хат».
Құрманғалиев Айдос Асқарұлы
кларнетші, педагог

Музыкалық білімін Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында алды (1993–2005). Аталған оқу орнында кәсіби музыкалық білімнің негізін меңгеріп, кларнет аспабы бойынша орындаушылық шеберлігін қалыптастырды.
2005 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, «Кларнет» мамандығы бойынша білім алды. 2009 жылы аталған оқу орнын өнер бакалавры дәрежесімен тәмамдады.
Шығармашылық-орындаушылық қызметін ерте жастан бастап, 2004 жылдан бастап түрлі концерттік бағдарламаларға қатысып келеді. 2005 жылдан бастап Алматы қаласында өткізілген концерттік жобаларға қатысып, оркестр құрамында өнер көрсетті.
2005 жылдан бастап Алматы қаласы филармониясының әртісі ретінде кәсіби орындаушылық қызмет атқарып келеді. Көптеген концерттік бағдарламалар мен мәдени іс-шараларда өнер көрсетіп, классикалық және заманауи музыкалық шығармаларды орындап жүр.
2024 жылдан бастап педагогикалық қызметпен айналысып, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп- интернатында кларнет аспабы бойынша сабақ береді. Жас музыканттардың кәсіби орындаушылық қабілеттерін дамытуға және олардың шығармашылық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған педагогикалық жұмыс жүргізуде.
Педагогикалық қызметі барысында шәкірттері халықаралық және республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, қазіргі таңда екі лауреат тәрбиелеп шығарды.
Мусаипов Арухат Хабдель-Хамитович
Саксофоншы, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, педагог

Музыкалық білімін Қарағанды қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатта (2009) саксофон сыныбы бойынша алған.
2013 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын «аспаптық орындаушылық» мамандығы бойынша «оркестр және ансамбль әртісі, оқытушы» біліктілігімен тәмамдады.
2022 жылы М.И. Глинка атындағы Магнитогорск мемлекеттік консерваториясының (академиясының) магистратурасын аяқтады.
2011 жылдан бастап Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің әртісі. 2025 жылдан бастап саксофондар тобының концертмейстері қызметін атқарады.
2013 жылдан бері Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатында саксофон сыныбы бойынша педагогикалық қызмет атқарады. Осы уақыт ішінде республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттарын дайындады. Оның түлектері Ресейдің Гнесиндер атындағы музыка академиясы, П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы академиялық музыка колледжі, сондай-ақ Berklee College of Music (АҚШ) сияқты жетекші музыкалық оқу орындарында білімдерін жалғастыруда.
Белсенді концерттік қызмет жүргізіп, ел ішінде және шетелде жетекші сахналарда өнер көрсетеді. Қонақ солист ретінде «Astana Opera» театрының симфониялық оркестрімен, Symphony Orchestra of India NCPA, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрімен, Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Қазақ мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрімен, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрімен, Астана қаласы филармониясының симфониялық оркестрімен және басқа да ұжымдармен ынтымақтастықта болды. 2023 жылдың мамыр айында мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған концертте Марат Бисенғалиевтің басқаруымен «Ұлы дала әуені» шығармасын орындады. 2024 жылдың қазан айында Арман Мұрзагалиевтің «Сезоны» күзгі фестивалінің солисі болды.
2018 жылы Батырхан Шүкенов атындағы ағаш үрмелі аспаптарда орындаушылардың І Республикалық байқауында І дәрежелі лауреат атағына ие болды.
Кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп, Маргарита Шапошникова, Франсуа Жанно, Герш Геллер, Сергей Колесов, Никита Зимин, Дмитрий Пинчук, Георгий Джишкариани сынды жетекші музыканттардың шеберлік сыныптарына қатысып келеді. Арухат Мусаиповтың педагогикалық және орындаушылық қызметі Қазақстандағы саксофон мектебін дамытуға, академиялық және заманауи репертуарды насихаттауға, сондай-ақ кәсіби музыканттардың жаңа буынын тәрбиелеуге бағытталған.
Бисенгалиева Аружан Өркенқызы

Музыкалық білімін Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында алды.
Жоғары білімін Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы Ресей музыка академиясында жалғастырып, флейта аспабы мамандығы бойынша үздік бітірді.
Шығармашылық-орындаушылық қызметі барысында Аружан Бисенгалиева халықаралық музыкалық конкурстардың лауреаты атанды. 2021–2024 жылдар аралығында Үндістанның Мумбай қаласында орналасқан Үнді симфониялық оркестрінің құрамында қызмет атқарды. Сонымен қатар осы кезеңде National Centre for the Performing Arts музыка академиясында педагогикалық қызметпен айналысып, флейта аспабы бойынша жас музыканттарға сабақ берді.
2024 жылдан бастап Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатында флейта аспабының оқытушысы қызметін атқарып келеді.
Педагогикалық қызметі барысында оның шәкірттері қалалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары мен жүлдегерлері атанып келеді.
Байбосынова Ақбаян Ерланқызы
Флейта педагогы

Музыкалық білімін 2014–2020 жылдары Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында (А.А. Оспанова сыныбы) алды. Аталған оқу орнында кәсіби музыкалық іргетасын қалыптастырып, флейта аспабында орындаушылық шеберлігінің алғашқы жетістіктеріне қол жеткізді.
2020 жылдан бастап Мәскеу қаласындағы Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясында (В.И. Дегтярева сыныбы) білімін жалғастырып, 2024 жылы бакалавриатты үздік дипломмен тәмамдады.
2024 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистратурасына түсіп (О.В. Нестерова сыныбы), қазіргі таңда шығармашылықпен қатар ғылыми бағытта да ізденіс жүргізуде.
2025 жылдан бастап Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп- интернатында педагогикалық қызмет атқарады. Сонымен қатар, 2025 жылдан бері Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының әртісі.
2025 жылғы Елбасы қорының стипендиаты.
Байбосынова Ақбаян Ерланқызы – көптеген республикалық, халықаралық және ресейлік байқаулардың лауреаты, жеке орындаушы және оркестр әртісі. Жеке де, сондай-ақ түрлі оркестрлер мен ансамбльдердің құрамында өнер көрсетеді.
Қасымбаева Балжан Мұратқызы
Гобой аспабының педагогы

Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп интернатында білім алды (2010-2018).
Көптеген республикалық жəне Халықаралық байқаулардың лауреаты.
2014 жылы «Астана – Мерей » Халықаралық байқауының қатысушысы (сертификат).
2015 жылы Ахмет Жұбанов атындағы Халықаралық байқауының дипломанты.
2015 жылы Күлəш Байсейитова атындағы республикалық бпйқауының II – ші дəрежелі диплом лауреаты.
2016 жылы Өзбекстан, Ташкент қаласында өткен Санат Гунчалары Халықаралық байқауының I -дəрежелі диплом лауреаты.
2017 жылы Күлəш Байсейитова атындағы республикалық байқауының I – дəрежелі диплом лауреаты.
2017 жылы Ахмет Жұбанов атындағы Халықаралық байқауының I – дəрежелі диплом лауреаты.
2017 жылы Сибирские музыкальные ассамблеи Халықаралық байқауының дипломанты Новосибирск қаласы.
2017 жылы «Астана-Мерей» Халықаралық байқауының Дипломанты.
2018 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, 2022 жылы тəмамдады.
Консерватория қабырғасында да Халықаралық жəне республикалық байқаулардың лауреаты атанды.
2019 жылы симфониялық оркестрінде консерваторияның мерейлік 75 жылдық концертінде белсенділік танытып, атсалысқаны үшін “Алғыс хат” берілді.
2020 жылы “Сибирские музыкальные ассамблеи” Новосибирск қаласында өткен Халықаралық байқауының III дəрежелі димплом лауреаты.
2022 жылы республикалық студенттік олимпиада байқауының дипломанты.
Қазіргі таңда 2025-ші жылдан бастап Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп интернатында педагогикалық қызмет атқарып жатыр. Аз ғана уақыт ішінде блокфлейтадан Амина Хамитовна атындағы республикалық байқаудан жүлделі орын алған лауреат оқушылары бар. Ұстаздық қызметінде жас музыканттарды кəсіби орындаушылық өнерге баулып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекш көңіл бөледі.
2025 жылдың 27 қазаны мен 1 қарашасы аралығында Ахмет Жұбанов атындағы XIX Халықаралық жас орындаушылар байқауы аясында өткен шеберлік сыныптарын 36 сағат көлемінде өтті.
Салимбаев Эрнар Эльдарович
Кларнет педагогы

Музыкалық білімін Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында алды (2009-2018).
Аталған оқу орнында кəсіби музыкалық дайындықтың негізін меңгеріп, үрмелі аспаптар орындаушылығы бойынша алғашқы шығармашылық жетістіктеріне қол жеткізді.
2023 жылы М.Глинка атындағы Новосибирск мемлекеттік консерваториясын тəмамдап, кəсіби кларнетші ретінде шығармашылық жолын бастады. 2023 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінде жəне Қазақстан Республикасының үрмелі оркестрінде қызмет етіп келеді.
2025 жылдан бастап Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінде педагогикалық қызмет атқарып келеді.