
А. Жұбанов атындағы мектептің теориялық бөлімі болашақ музыканттарды даярлау жүйесінде маңызды рөл атқарады. Мұнда оқушылар музыка-теориялық пәндер бойынша іргелі білім алып, музыкалық есту қабілетін, ырғақ сезімін, аналитикалық ойлауын дамытады және музыканың көркемдік тілін терең түсінуге үйренеді. Сабақтардың шығармашылық атмосферасы әрбір оқушының қабілетін ашуға және музыкалық өнерді терең ұғынуға мүмкіндік береді.
Музыканттардың теориялық дайындығының маңызын түбегейлі түсінген академик-музыкатанушы, профессор А.Қ. Жұбанов және мектептің алғашқы директоры Т.М. Өзбеков мықты педагогикалық құрамды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлді. Мектептің алғашқы жылдарының өзінде кәсіби деңгейі жоғары теоретик-оқытушылар шақырылды.
1964 жылы теориялық бөлім әлі дербес құрылым ретінде қалыптаспағанымен, директордың музыкалық жұмыс жөніндегі орынбасары, кейін бөлімнің алғашқы меңгерушісі болған Валерия Ивановна Мавриди жүйелі оқу және ғылыми-әдістемелік жұмысты ұйымдастырды. Алғашқы оқытушылар қатарында М.П. Сабитова, Г.Н. Зубкова, Г.В. Анашкина, Э.И. Коноплева, Л.А. Воронова, С.А. Кузембаева, Н.Н. Салник болды.
1966 жылы теориялық бөлім жекеленген бөлім болды. Осы кезеңнен бастап теоретик-мамандар мен болашақ музыкатанушыларды даярлау басталды. Теориялық бөлімнің алғашқы түлектері 1969-1970 оқу жылында бітіріп шықты. Олардың қатарында – Т. Егінбаева, қазіргі таңда Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, өнертану кандидаты; С. Естемесова – педагогика ғылымдарының кандидаты; Д. Омарова – П.И. Чайковский атындағы музыкалық колледждің оқытушысы; Н. Малкарова.
Кейінгі жылдары бөлімнің педагогикалық ұжымы музыка-теориялық білім берудің дамуына зор үлес қосқан жаңа мамандармен толықты. Түлектердің жадында Л.А. Жуйкова, А.В. Мельков, В.А. Писмарева, Л.Г. Павлова, В.В. Миненко, Е.М. Лебель, О.К. Шашкова, Т.К. Егінбаева, М.А. Диқанбаева, А.Е. Байгаскина, Т.М. Сапарғалиева, А.С. Кетегенова, Л.П. Игнатенко, А.С. Карамендина, П.Ш. Шегебаев, Д.А. Ахметбекова, А.А. Зобкова, Г.Б. Кұндақбаева, А.С. Құрманбаева, Л.О. Корбань, Е.К. Қабдуллин, Р.З. Стамбек, М.Б. Иргалиева сынды ұстаздардың сабақтары ерекше орын алады. Олардың педагогикалық қызметінің маңызды қыры – оқушыларға деген шынайы сүйіспеншілік пен олардың шығармашылық әлеуетін ашуға деген ұмтылысы.
1980–1990 жылдары бөлімде бүгінге дейін сақталып келе жатқан дәстүрлер қалыптасты. Солардың қатарында опера және балет спектакльдеріне бару, соның ішінде П.И. Чайковскийдің «Щелкунчик» балетін жаңа жыл қарсаңында дәстүрлі түрде тамашалау бар. Сонымен қатар «Музыкалық жұма» атты тақырыптық лекция-концерттер, жас музыканттардың үлкен сахнадағы алғашқы қадамдарын танытатын «Алғашқы қадамдар» концерті үлкен танымалдыққа ие болды. Оқушылардың концерттер, сапарлар мен музыканттармен кездесулер туралы әсерлерімен бөлісетін «Камертон» музыкалық газеті де қызықты бастамалардың бірі болды.
1993 жылдан бастап А. Жұбанов атындағы халықаралық конкурс-фестивальдің пайда болуына байланысты бөлімде шығармашылық және зерттеу жұмысының жаңа түрлері қалыптасты: фестивальдің баспасөз орталығы, қатысушылар мен қазылар алқасының мүшелерімен сұхбаттар, ақпараттық стендтер мен естелік альбомдар ұйымдастырылды.
Бөлімде теориялық байқаулар мен олимпиадалар өткізіліп тұрды. Консерваторияның жетекші педагогтары дәрістер оқыды, сондай-ақ П.И. Чайковский атындағы музыкалық колледжбен шығармашылық байланыс орнатылды.
Теориялық бөлімнің жарты ғасырдан астам тарихының нәтижесінде көптеген түлектер ғылым, білім және мәдениет салаларында табысты еңбек етуде. Олардың қатарында А. Бердыбай – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы; А. Сабырова – сол консерваторияның доценті; Г. Кантарбаева – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, өнертану кандидаты; С. Темірғалиева – Жезқазған қаласының музыкалық колледжінің оқытушысы; Д. Бахтығалиева – өнертану кандидаты, теледидар редакторы; Д. Қалимова – қазақстандық телеарналардың жүргізушісі.
Мектеп түлектерінің өз alma mater-іне оқытушы ретінде қайта оралуы да жақсы дәстүрге айналды. Олардың қатарында П.Ш. Шегебаев – профессор, ҚазҰӨУ музыка факультетінің деканы; Б. Далденбай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы ҚҰК доценті; А. Абдинуров – ҚазҰӨУ композиция және опера-симфониялық дирижерлеу кафедрасының оқытушысы бар. Әр жылдары олар теориялық пәндерді осы бөлімде оқытты. Қазіргі уақытта теориялық бөлімде Р.Б. Кукумбаева, З.А. Турбекова, А.С. Таныбекова, Е.Үсенов, А.М. Бекжигитова, М.Б. Сембаева, М.М. Шегирова, Ж.Е. Назарбаева, Г.А. Рысдаулетова, И.Ю. Дружинина, А.А. Козыбаева, А.Ж. Байысбаев, Р.С. Турабаева, Л.С. Бейсенова, Д.Е. Омашева, А.К. Бестембекова, В.Ш. Шукенова, Д.М. Бақтығұлова, С.А.Яновский, Ж.К. Қдырниязова, Х.З.Сетеков, М.А.Абенова, Б.Ш.Таңсықбаева қызмет атқарады.









Бөлімнің көпжылдық педагогикалық және ғылыми-шығармашылық қызметінің нәтижесінде әртүрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларға белсенді қатысатын жоғары деңгейлі маман-теоретиктер тәрбиеленіп келеді.
Қазіргі таңда бөлім оқытушылары кең ауқымды міндеттерді жүзеге асырады: оқушылардың музыкалық есту қабілетін, есте сақтауын және ырғақ сезімін дамытады, музыкалық шығармаларды талдау дағдыларын қалыптастырады, зерттеушілік және шығармашылық белсенділікті ынталандырады, өз ойын еркін жеткізуге және музыкалық өнер кеңістігінде бағдарлай білуге үйретеді.
Бөлім педагогтары республикалық және халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға, біліктілікті арттыру курстарына, семинарлар мен концерттерге тұрақты түрде қатысады. Мектептің 50 жылдық мерейтойы аясында «Қазақ музыкалық өнері өткен мен бүгіннің контексінде» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

60 жылдық мерейтойы аясында «XXI ғасырдағы музыка мәдениетіндегі тұлға-білім-шығармашылық» атты I халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Биыл көрнекті қазақстандық композитор, музыкатанушы және қоғам қайраткері Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай «XXI ғасырдағы музыка мәдениетіндегі тұлға-білім-шығармашылық» атты II халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл конференция әртүрлі елдерден келген зерттеушілерді, педагогтарды және музыканттарды біріктіріп, ғылыми ой-пікір алмасудың маңызды алаңына айналды. Теориялық бөлім педагогтарының жоғары кәсіби деңгейі, шығармашылық көзқарасы және білім беру үдерісін үнемі жетілдіруге ұмтылысы бөлім жұмысының табысты дамуының басты факторлары болып табылады.
Шегирова Мадина Мухтаровна – Бөлім меңгерушісі

Мәдениет саласының үздігі. Жалпы және педагогикалық еңбек өтілі 17 жыл. Теория, музыка тарихы және композиция бөлімінің ұстазы, педагог-зерттеуші. Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ-ның түлегі. 2005-2009 ж. Алматы қ. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын музыкатанушы, оқытушы мамандығы бойынша бітірген. Консерватрияны бітіре сала өзінің алтын ұя мектебіне оралып бүгінгі күнге дейін осы ұйымда жұмыс істеп келеді. 2024-2025 оқу жылынан бастап бөлім меңгерушісі.
Педагогикалық қызметі барысында оқушылары концерттерге, Халықаралық және Республикалық байқаулар мен олимпиадаларға белсене қатысады. Мысалы: РФ Чебоксары қ. «Музыка – душа моя» Халықаралық олимпиадасы; Астана қ. «Аяулы Астана» байқауы; Е.Брусиловскийдің 120 жылдығына арналған Қазақстан орындаушыларының республикалық байқауы және т.б. Мектептің шығармашылық, қоғамдық жұмыстарына белсенді атсалысуда. 2010-2015 жылдар аралығында педагог-қызметкерлерді аттестаттау комиссиясының хатшысы болды, мектептің конференцияларын ұйымдастыру комитетінің мүшесі, оқушыларды мектепке қабылдау комиссиясының мүшесі және т.б. жұмыстарды атқарып келеді. Сондай-ақ бөлім ұстазы З.А. Турбековамен бірлесіп шетел музыка әдебиетінен қазақ тіліндегі оқу құралының құрастырушысы әрі редакторы болып табылады. А.Жұбанов атындағы РҚМММИ-ның 60-жылдық мерейтойына арналған «Ахмет Жұбанов аманаты» кітабын құрастырушылардың бірі (Алматы: «Қазақ кітабы» баспасы, 2024. – 288 бет.).
Ахмет Жұбановтың 120-жылдық мерейтойына орай өткізілген «ХХІ ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі тұлға-білім-шығармашылық» атты ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдар жинағының құрастырушылар мен редакторларының бірі.
Атқарылған еңбегіне қарай жұмыс жасап жатқан жылдарда мектеп тарапынан түрлі Алғыс хаттармен; 2014 ж. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен «Құрмет Грамотасымен»; 2024 ж. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Тұрбекова Зауре Ақтайқызы

Еңбек ардагері, Мәдениет саласының үздігі. Жалпы еңбек өтілі 48 жыл. Қазақ музыка әдебиеті, әлем музыка әдебиеті пәндерінің оқытушысы, педагог-зерттеуші. Музыкалық білімін 1965 жылдан бастап А.Жұбанов атындағы Республикалық музыка мектебінде алған. 1972-1978 жж. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын музыкалық-тарихи пәндер оқытушысы мамандығымен аяқтады. 1978-1998 жылдары Қызылорда педагогикалық институтының музыка тәрбиелеу методикасы кафедрасында аға ұстаз. 1983-1990 жылдары Киев қаласындағы 4 айлық мамандық жетілдіру факультетінде оқыды. 1999 жылдан А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ теория бөлімінің музыка-тарихы мұғалімі. Педагогикалық жұмыс барысында үнемі біліктілігін арттыру курстарынан өтіп отырады. Ғылыми және әдістемелік зерттеулер: «Әлемдік музыка әдебиетінің» бағдарламасының құрастырушысы, бөлім ұстазы М.М. Шегировамен бірлесіп шетел музыка әдебиетінен қазақ тіліндегі оқу құралының құрастырушысы әрі редакторы болып табылады.
Жұмыс жасаған кезеңдерде көптеген марапаттау қағаздары мен алғыс хаттар алды: 2014 ж. ҚР Білім және ғылым министрлігінен «Құрмет грамотасы», 2016 ж. Президенттің 2016 жылдың 29 қарашасындағы жарлығы бойынша «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі, 2018 ж. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен «Еңбек ардагері» медалі, 2019 ж. мектебіміздің 55 жылдығына орай Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтан «Алғыс хат», 2020 ж. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Кукумбаева Райхан Батталовна

ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Еңбек ардагері. Сольфеджио, теория және гармония пәндерінің мұғалімі, педагог-зерттеуші. 1964–1972 жж. аралығында А. К. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ-да оқыды. 1977 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының музыка теориясы мен тарихы бөлімін бітірді.
1980 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін мектебіміздің асыл қазынасы ретінде оқушыларымызға бар білімін беріп келеді. Райхан Батталовна сольфеджио, музыка теориясы және гармония сабақтарында қолданылатын бай әрі қызықты дидактикалық материал жинақтарының, сольфеджио және музыка теориясының негіздері бойынша оқу бағдарламаларының авторы. Ұстаздың түлектерінің көпшілігі Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарына түседі. Өзінің кәсіби шеберлігі үшін Р. Б. Кукумбаева Қазақстан Республикасы Мәдениет және білім министрлігінің құрметті атақтары мен грамоталарымен марапатталған: 2014 ж. – «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері»; 2014 ж. – «Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі; 2018 ж. – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, «Еңбек ардагері» атағы; 2019 ж. – «Қазақстандағы кәсіби музыкалық білім беру мәселелері. Мектептер мен колледждер педагогтарының тәжірибесі» атты дөңгелек үстел бағдарламасына қатысқаны үшін алғыс хат.
Таныбекова Алма Сагинбековна

«Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Мәдениет саласының үздігі. Теория, музыка тарихы және композиция бөлімінің ұлағатты ұстазы. Еңбек өтілі 43 жыл. Оқушылары жыл сайын музыкалық – теориялық пәндер бойынша республикалық олимпиадаларының жүлделі орындарын иеленіп келеді.
Педагогикалық жұмысының нәтижесінде «Нотаны бірден оқып үйрену» (2024 ж.) авторлық бағдарламасы, «Нота оқу дағдысын қалыптастыру: бастауыштарға арналған әдістер» мақаласы жарық көрді. Республикалық семинар, ғылыми тәжірибелік конференцияларда спикер болып өз тәжірибесімен бөлісіп отырады. Алма Сагинбековнаның еңбегі жоғары бағаланып, лайықты марапатқа ие болды: 2014 ж. ҚР Білім және ғылым министрлігінен «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі; 2019 ж. «Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі; 2024 ж. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Усенов Ермурат

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі. Композиция, аспаптану, оркестр патияларын оқу пәндерінің оқытушысы. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын 1977 ж. домбыра классы бойынша, 1983 жылы музыка теорясы мамандығы бойынша бітірген. Республикалық композиторлар конкурсының бірнеше дүркін лауреаты, екі мәрте Гран при иегері. Тәттімбет күйлерінің тұңғыш жинағының редакциясын басқарған. Тәттімбет күйлерінен тұратын «Саржайлау» кітабы жарық көрді. 2015 жылдан бастап А. Жұбанов атындағы РҚМММИ -да композиция пәнін оқытып келеді. Шәкірттері түрлі байқаулардың лауреаттары атанып шетел ЖОО-на түсіп білімдерін жалғастырып жатыр. Ермурат Усеновтың жалпы қазақ музыка мәдениетіне сіңірген еңбегі жоғары бағаланып 2026 ж. К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің Ғылыми кеңесі отырысында университеттің «Құрметті профессоры» атағы берілді.
Рысдаулетова Гульнарям Абдугалиевна

Мәдениет саласының үздігі, теория бөлімінің ұстазы педагог-зерттеуші. Жалпы еңбек өтілі 41 жыл. Шәкірттері жыл сайын музыкалық – теориялық пәндер бойынша республикалық олимпиадаларының жүлделі орындарын иеленіп келеді. «Қазіргі білім берудің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылым – практикалық конференциясында модератор, спикер. Педагогикалық жұмысының нәтижесінде «Музыкалық сауаттылықты дамытудағы этносольфеджио рөлі» авторлық бағдарламасы жарық көрді (2024 ж.). Ұстаздың елеулі еңбегі лайықты бағаланып ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен «Құрмет грамоталарымен», «Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Турабаева Раушан Сагдолдаевна

Мәдениет саласының үздігі. Теория, музыка тарихы және композиция болімінің ұстазы, педагог-зерттеуші. 2003 ж. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваторияны үздік Дипломмен бітіріп, 2004 ж. бастап А.Жұбанов атындағы мектепте сольфеджио, теория және гармония пәндерін жүргізеді. 2015-2021 жж. аралығында теория, музыка тарихы және композиция бөлім меңгерушісі болды. Ұстаздың шәкірттері түрлі Республикалық олимпиадалардың лауреаттары. Педагогикалық жұмысының нәтижесінде «Гармония курсындағы музыкалық шығармаларды талдау» атты гармониялық талдаудың мысалдар жинағы (2021 ж.), «Практические задания в курсе гармонии» оқу құралы (2024 ж.) жарық көрді . Ұстаз мектептің шығармашылық, қоғамдық жұмыстарына белсенді атсалысуда. 2004 ж. бастап бірнеше жыл бойы А.Жұбанов атындағы республикалық және халықаралық сайыстардың қазылар алқасының хатшысы және фоторедакторы міндетін, мектептің конференцияларын ұйымдастыру комитетінің мүшесі және т.б. жұмыстарды атқарып келеді. Ахмет Жұбановтың 120-жылдық мерейтойына орай өткізілген «ХХІ ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі тұлға-білім-шығармашылық» атты ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдар жинағының құрастырушылар мен редакторларының бірі.
Сембаева Мерей Бауыржанқызы

Музыка теориясы және тарихы пәндерінің мұғалімі, өнертану магистрі, педагог-зерттеуші. Білімі – жоғары. А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында «теория» мамандығы бойынша доцент, музыкатанушы Е.Қ.Кабдуллин сыныбында білім алды. 2007–2011 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Музыкатанушы және менеджмент» мамандығы бойынша білім алып, оқуын үздік аяқтады. 2011–2012 және 2016–2017 жылдары өнертану магистрі академиялық дәрежесін алып, магистрлік диссертациясын кинотанушы, доцент Ш.К. Құсайыновтың жетекшілігімен үздік қорғады. 2011 жылы Польша Республикасындағы Варминско-Мазурский университетінің өнертану факультетінде ғылыми тағылымдамадан өтті. 2008 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында музыка теориясы мен тарихы пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Педагогикалық қызметі барысында көптеген жас музыкатанушылар мен композиторлардың қалыптасуына ықпал етіп, оқушылары республикалық байқаулардың лауреаттары атанды. Мектептің іс-шараларына белсенді қатысып, мектептің 50 және 60 жылдық мерейтойларына арналған кітаптардың құрастырушысы болды. Сонымен қатар халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, ғылыми мақалалары жарияланып келеді. Бүгінгі таңда 20-ға жуық ғылыми мақаласы жарық көрген. Сондай-ақ эксперт ретінде танымдық тележобаларға қатысып, мәдениет пен өнер мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында пікірімен бөлісіп келеді.
2012-2014 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқытушы қызметін атқарды. 2014-2017 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Музыкалық білім» факультетінде «Сольфеджио» және «Гармония» пәндерінен дәріс берді.
2019 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтановтан «Ерен еңбегі үшін» төс медалімен марапатталды. 2025 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаевадан «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Ахмет Жұбановтың 120-жылдық мерейтойына орай өткізілген «ХХІ ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі тұлға-білім-шығармашылық» атты ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдар жинағының құрастырушылар мен редакторларының бірі.
Бейсенова Ляйля Сериковна

Музыка тарихы, теориясы және композиция бөлімінің ұстазы. Кәсіби музыкалық білімін П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінен музыкатану мамандығы бойынша алды. Білімі: жоғары 2005-2009 жж. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, музыкатанушы, оқытушы; 2010-2012 ж. Қазақ ұлттық өнер университеті, «Музыкатану» мамандығы бойынша Өнер ғылымдарының магистрі аккадемиялық дәрежесі 2012 ж. берілді. 2014 жылдан бастап Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ-нда гармония, сольфеджио, қазақ музыкасының әдебиеті, әлем музыкасының әдебиеті пәндерінің мұғалімі; 2014 жылы өткен Ахмет Жұбанов атындағы РҚМММИ-ның 50-жылдық мерейтойына байланысты «Өткен және қазіргі музыка мәнмәтініндегі қазақ музыка өнері» Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағының редакторы болды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінен 2024 жыл 20 наурыз, Ахмет Жұбанов атындағы РҚМММИ өткен «ХХІ ғасырдың музыка мәдениетіндегі тұлға-білм-шығармашылық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырып, модератор болғаны үшін Сертификат берілді. 2024 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінен мәдениет саласының дамуына зор үлесі мен еселі еңбегі үшін Алғыс хатпен марапатталды. Ахмет Жұбанов атындағы РҚМММИ-нің 60-жылдық мерейтойына орай өткізілген «ХХІ ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі тұлға-білім-шығармашылық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдар жинағының құрастырушылар мен редакторларының бірі. «Ахмет Жұбанов аманаты.
Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына 60 жыл» кітабының редакциялық алқасы мүшесі. Ахмет Жұбановтың 120-жылдық мерейтойына орай өткізілген «ХХІ ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі тұлға-білім-шығармашылық» атты ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдар жинағының құрастырушылар мен редакторларының бірі. Осы конференциясын ұйымдастырып, модератор болғаны үшін Сертификат берілді.
Бекжигитова Алима Муратовна

Сольфеджио, гармония пәндерінің оқытушысы. Педагог-сарапшы. 1997 ж. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) «Музыкатанушы» мамандығы бойынша бітірген, «музыкатанушы, мұғалім» квалификациясы берілді. 2012 жылдан бастап А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ-нда жұмыс істеп келеді. 2021-2024 жж аралығында бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен және 2025 ж. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. 2024 ж. А.Жұбанов атындағы РҚМММИ-ның 60-жылдық мерейтойына арналған «XXI ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі Тұлға-Білім-Шығармашылық» атты I халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ұйымдастырушысы, модераторы. 2026 ж. Ахмет Жұбановтың 120-жылдық мерейтойына орай өткізілген «ХХІ ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі тұлға-білім-шығармашылық» атты ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдар жинағының құрастырушылар мен редакторларының бірі. Шәкірттері жыл сайын республикалық олимпиадалар мен байқаулардың лауреатары атанып келеді.
Назарбаева Жанат Елбековна

Сольфеджио, музыка теориясы, гармония пәндерінің мұғалімі, педагог-зерттеуші. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының музыка теориясы және музыка тарихы факультетінің «музыкатанушы, оқытушы» мамандығын 2003-2007 жылдары аралығында оқыған. 2016 жылдан бастап Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ мектебінде жұмыс атқарып бастаған. 2023 ж. А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ-ның білім саласының дамуына сіңірген еңбегі мен өскелең ұрпаққа терең білім, өнегелі тәрбие беруде қосқан зор үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталды. Мектеп директоры орынбасары – Ж. Ш. Искакова. 18.04.2025 ж. Өнертану докторы А.И.Мухамбетованың «Нұрғиса өнегесі; дәстүрлі музыканың дара жолы» шеберлік сабағына қатысқаны үшін. А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ-ның Директоры – Н.Аширов. Ұстаздың түлектерінің көпшілігі Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарына түседі. 2026 ж. Ахмет Жұбановтың 120-жылдық мерейтойына орай өткізілген «ХХІ ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі тұлға-білім-шығармашылық» атты ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдар жинағының құрастырушылар мен редакторларының бірі.
Дружинина Ирина Юрьевна

«Музыкалық әдебиет», «Дүниежүзілік мәдениет тарихы» пәндерінің оқытушысы. Жалпы және педагогикалық еңбек өтілі — 30 жыл, педагог-модератор. 1993–1997 жылдары Екатеринбург қаласындағы Орал мемлекеттік педагогикалық университетінде «музыка мұғалімі» мамандығы бойынша оқыған. 1995–2001 жылдары Екатеринбург қаласындағы А. М. Горький атындағы Орал мемлекеттік университетін «өнертанушы» мамандығы бойынша бітірген.
2018 жылдан бастап А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектебінде-интернатында жұмыс істейді. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Құрмет грамоталары» мен Алғыс хаттарымен марапатталған. Ол зерттеу және әдістемелік жұмыстардың авторы болып табылады. Атап айтқанда: 2020–2022 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мектеп оқушыларына арналған «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасына автор және екі бағыт бойынша дәріс оқушы ретінде қатысқан — «Сурет өнері» және «Музыка» (40-тан астам бейнесабақ шығарылды); 2018 жылдан бастап интернет-ресурстар арқылы педагогикалық тәжірибесін таратады: әлемдік мәдениетке арналған CrossCult YouTube-каналының авторы (38 мыңнан астам жазылушы), қашықтықтан оқытуға арналған білім беру YouTube-каналы, сондай-ақ Дзен платформасында мәдениет тарихы бойынша блог жүргізеді; 2022 жылы «Музыкалық әдебиет» және «Музыкалық шығармаларды талдау» пәндері бойынша оқу бағдарламаларын жасаушы;
2018 жылдан бастап «Дүниежүзілік мәдениет тарихы» пәні бойынша 5 бөлімді оқулықтар, оқу бағдарламасы және толық дидактикалық материалдардан тұратын оқу кешенінің авторы. Материалдар мектептің оқу-әдістемелік кеңесінде мақұлданған, басылымға ұсынылған және авторлық құқықпен қорғалған (ISBN 978-601-08-2188-0; 978-601-08-2189-7);
2018–2022 жылдары конференциялар мен семинарларға қатысып, арнайы басылымдарда жарияланымдары бар, концерттер мен дәрістер өткізеді. Оның педагогикалық жұмысының нәтижесінде оқушылары республикалық пәндік олимпиадаларға тұрақты қатысып, жүлделі орындарға ие болады. 2024 жылы ол А. Жұбанов атындағы Республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының 60-жылдығына арналған «XXI ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі тұлға – Білім – Шығармашылық» I Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының ұйымдастырушысы және модераторы болды. 2026 жылы А. Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына арналған «XXI ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі тұлға – Білім – Шығармашылық» II Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының ұйымдастырушысы және модераторы болып табылады.
Козыбаева Айнаш Ахметкановна

Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Қазақстан хореографтар одағының мүшесі (2015ж.), теория бөлімінің ұстазы. Еңбек өтілі 36 жыл. Оқушылары музыкалық – теориялық пәндер бойынша республикалық олимпиадаларының жұлдегерлері. «Музыкалық сауаттылық», «Музыкалық әдебиет», «Әлем мәдениетінің тарихы», «Музыкалық аспап – фортепианода ойнау негіздері» пәндері бойынша үлгілік оқу жоспарлары мен жұмыс бағдарламаларының, «Музыкалық сауаттылық», «Музыкалық әдебиет», «Әлемдік мәдениет тарихы» пәндері бойынша тесттердің авторы және бірлескен авторы.Мақалалардың авторы, студенттерді халықаралық және республикалық конференцияларға дайындаудың ғылыми жетекшісі (2012-2026). Музыка қайраткерлерінің шығармашылық мұрасына арналған мерейтойлық кітаптар мен А.Жұбанова атындағы халықаралық конференциялар жинақтары (2014, 2024, 2026ж.ж.), сондай-ақ А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің мерейтойлық кітаптары (2012-2022ж.ж.) басылымының редакциялық алқасының мүшесі.
Омашева Дана Есенгельдиевна

(53 жаста) – музыкалық теориялық пәндерінің оқытушысы. 2018 жылдан бастап Ахмет Жұбанов атындағы РҚМММИ-да жұмыс істейді. Педагогикалық өтілі – 28 жыл. Білімі – жоғары, педагог- сарапшы.
Омашева Д.Е. Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы музыкалық училищесінің («Музыка теориясы» бөлімі) және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының (« Музыкатану» мамандығы) түлегі.
Омашева Д.Е. халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, қалалық семинарларға белсенді қатысады. Педагог тұрақты түрде біліктілігін арттырып, педагогикалық шеберлік байқауларына қатысады, сондай-ақ оқу-әдістемелік құралдардың авторы болып табылады.
Дана Есенгельдиевна әр жыл сайын оқушыларды дайындап, бітіру іс-шараларын өткізеді. Оның шәкірттері Қазақстан және Ресей Федерациясының жетекші музыкалық жоғары оқу орындарына сәтті қабылданып, жоғары дайындық деңгейін және терең теориялық білімдерін растайды. Омашева Д.Е. оқушылары музыкалық теориялық пәндер бойынша халықаралық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадалардың лауреаттары мен дипломанттары болып табылады.
Ұстаз музыкалық теориялық пәндер бойынша байқаулардың қазылар құрамына шақырылған, бұл оның кәсіби беделі мен эксперттік дәрежесін растайды. Жоғары кәсіби шеберлігі мен музыкалық білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған, сондай-ақ мектеп әкімшілігінің алғыс хаттары мен грамоталарымен де бағаланған.
Шукенова Венера Оралбаевна

Музыкалық-теориялық пәндер оқытушысы, педагог-зерттеуші. 2009–2013 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы (Алматы қ.) музыкатанушы, оқытушы мамандығы бойынша білім алған. 2013–2015 жылдары осы оқу орнында Музыкатану мамандығы бойынша білімін жалғастырып, Өнертану магистрі академиялық дәрежесін иеленді. Жалпы педагогикалық еңбек өтілі – 17 жыл. Қазіргі уақытта Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп‑интернатында 6 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Шәкірттері республикалық және халықаралық музыкалық-теориялық сайыстардың лауреаттары:
• Мамандандырылған мектептер мен музыка колледждері арасындағы XVI, XVII, XVIII Республикалық кіші олимпиадаларда (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) ІІ және ІІІ дәрежелі лауреаттар атанды;
• IX Халықаралық «Музыкалық-теориялық пәндер бойынша музыкалық колледждер және ОАММ-ның жоғары сынып оқушылары арасында» өткен конкурста «Гармония», «Музыка теориясы» номинациялары бойынша І, ІІ, ІІІ орындарды иеленді.
Сонымен қатар, В.О. Шукенова ұстаздар арасындағы кәсіби байқаулардың лауреаты. Қосымша, арнаулы орта және жоғары білім беру педагогтеріне арналған өнер және мәдениет саласындағы IX халықаралық педагогикалық шеберлік байқауында еркін номинация бойынша І орын иеленген. 2026 жылы А. Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына арналған «XXI ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі тұлға – Білім – Шығармашылық» II Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының ұйымдастырушысы және модераторы болып табылады.
Бақтығұлова Дильназ Мұратқызы

Сольфеджио, теория, гармония пәндерінің оқытушысы. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын «Музыкатану» мамандығы бойынша (2019–2023 жж.) аяқтаған. 2024 жылы өткен «ХХІ ғасырдың музыка мәдениетіндегі тұлға – шығармашылық – білім» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Қазақстан композиторларының шығармашылығындағы «Қалқаман–Мамыр» эпосы» атты мақаласы жарияланды. Конференция аясында Барселонадан келген белгілі музыканттар Светлана Товстухи, Альберто Регьеро және Карлес Казес өткізген шеберлік сабақтарына қатысты. 2024–2025 оқу жылында Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатына оқушы қабылдау комиссиясының мүшесі болды. Сондай-ақ осы мектептің 60 жылдығына орай жарық көрген «Ахмет Жұбанов аманаты» атты кітаптың құрастырушыларының бірі. Ұжымдық шығармашылық жұмыстарға белсенді қатысып, әріптестерімен бірге концерттер мен интеграциялық сабақтар ұйымдастырып келеді. 2026 жылы А. Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына арналған «XXI ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі тұлға – Білім – Шығармашылық» II Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының ұйымдастырушысы және модераторы болып табылады.
Бестембекова Айдана Кенжекановна

Өнертану ғылымдарының магистрі. Назарбаев стипиендианты. Теориялық пәндердің оқытушысы, педагог-сарапшы. Еңбек өтілі 13 жыл. Оқушылары музыкалық – теориялық пәндер бойынша республикалық олимпиадаларының жұлдегерлері. 2024 жылы 20 наурызда Халықаралық ғылыми конфренция: «ХХI ғасырдың музыка мәдениетіндегі тұлға-білім-шығармашылық» атты конференциясына қатысып «Қазақстандағы дәстүрлі музыкалық білім берудің қазіргі мәселелері» атты мақаласы жарияланды. 2025 жылдың 10 сәуірінде ҚҰК-да өткен «Ғылым апталығы – 2025» жоба аясындағы. Дәстүрлі музыканың құндылығы. Қазіргі интерпретациялар мен шығармашылық жаңалықтар атты дөңгелек үстелге қатысып, «Заманауи музыкалық» білім жайлы баянадамасын ұсынды. Кузнецованың «Гармония курсы бойынша курстар» атты оқу құралынының аудармашысы 2025ж. 2026 жылы А. Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына арналған «XXI ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі тұлға – Білім – Шығармашылық» II Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының ұйымдастырушыларының бірі және модераторы болып табылады.
Байысбаев Адильхан Жексембиевич

Музыка теориясы композиция пәндерінің оқытушысы. Композитор, хормейстер, дирижер, дыбыс режиссері. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ-да Джаз гармониясы және импровизация негіздері пәнінің оқытушысы. «Juband» атты мектеп ұжымының жетекшілерінің бірі болып табылады. Ұстаз бөлімде ашық сабақтарды өткізіп, өз тәжірибесімен бөліседі. Оқушылары – ХVІІ Республикалық Олимпиаданың дипломанттары (2025 ж.). Музыкалық шығармаларды әр түрлі ансамбльдер, оркестрлер құрамына өндеген және аранжировка жасаған – олардың ішінде А.Жұбанов атындағы РҚМММИ-ның 60-жылдық мерейтойына арналған: «Аққу Домбыра» (виолончельдік ансамбльге), «Үміт мекені» (симфониялық оркестрі, хор, солистер).
Кдырниязова Жанна Камбарбековна

Музыкалық-теориялық пәндер оқытушысы, педагог-сарапшы, өнертану ғылымдарының магистрі. Білімі: Бакалавриат – 2007-2011 жж. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы, “музыкатану” мамандығы, біліктілігі-музыкалық-теориялық пәндер оқытушысы. Магистратура – 2016-2018 жж. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы, “музыкатану” мамандығы, “өнертану ғылымдарының магистрі” академиялық дәрежесін алды. Жұмыс тәжірибесі: 2019 жылдан бастап “Теория, музыка тарихы және композиция” бөлімінде музыкалық-теориялық пәндер оқытушысы. А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты Тәуелсіздік мерекесіне орай Алғыс хат, Алматы 2023 ж. Конференцияларға қатысу: «Б.Г. Ерзаковичтің ғылыми мұрасы және қазақтың мәдени құндылықтары» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, тәжірибе бөлісті және сертификатталды (Алматы, 2023 ж.) «XXI ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі тұлға-білім-шығармашылық» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып тәжірибе бөлісті және сертификатталды (Алматы қ. 2024 ж.). ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Яновский Святослав Анатольевич

Музыкалық-теориялық пәндердің мұғалімі, педагог-модератор. Еңбек өтілі – 10 жыл, білімі – жоғары. 2008–2012 жж. – Жұбанов атындағы АМК, арнаулы орта білім, теориялық бөлім; 2012–2016 жж. – Құрманғазы атындағы ҚҰК, Алматы қ., музыкатану бакалавры. 2019 жылдан бастап А. Жұбанов атындағы РҚМММИ-да жұмыс істеп келеді. ҚР Мәдениет министрлігінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталған. Әртүрлі конференциялар мен шеберлік сабақтарының қатысушысы әрі тыңдаушысы болды. Оқушылары пәндік республикалық олимпиадаларға тұрақты қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Сетеков Хабибулла Зайнуллаевич

Композиция пәнінің оқытушысы. Педагог., 1981 ж. Құрманғазы атындағы Алматы мемлкеттік консерватоиясын Фортепиано мамандығы бойынша бітірген. Біліктілігі: оқытушы, концертмейстер, камералық ансамблдің солисі; 1982 ж. Композиция мамандығы бойынша бітірген. Біліктілігі: композитор, музыка-теориясы пәндерінің оқытушысы. 2018 жылдан бастап А. Жұбанов атындағы РҚМММИ -да композиция пәнін оқытып келеді. Шәкірттері түрлі байқаулардың лауреаттары атанды.
Абенова Маруар Ахметқызы

(33 жас) – музыкатанушы, педагог, музыка теориясы саласының маманы. Алғашқы музыкалық білімін Петропавл қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта домбыра сыныбы бойынша алды. Кейін Петропавл қаласындағы өнер колледжінде (2008–2011) домбыра мамандығы бойынша кәсіби білімін жалғастырды. 2011–2015 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Музыкатану» мамандығы бойынша білім алып, оқу орнын үздік дипломмен тәмамдап, музыкатанушы және оқытушы біліктілігін иеленді. 2017–2018 жылдары Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің магистратурасында «Музыкалық білім» мамандығы бойынша оқуын жалғастырып, педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін алды. Студенттік кезеңде республикалық деңгейдегі шығармашылық және ғылыми байқауларға белсенді қатысып, олардың лауреаты атанды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясының иегері болды. 2019 жылдан бастап Алматы қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында музыка теориясы, тарихы және композиция бөлімінде сольфеджио пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келеді. Қазіргі уақытта педагог-сарапшы біліктілік санатына ие. Педагогикалық қызметі барысында білім алушылардың кәсіби музыкалық-теориялық дайындығын жетілдіруге, олардың аналитикалық ойлау қабілеттерін, есту мәдениетін және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған оқу-әдістемелік және ғылыми-педагогикалық жұмыстармен жүйелі түрде айналысады.
2023 жылы «Өрлеу» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Мамандығымды мақтан тұтамын – III» республикалық эссе байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталды. 2024 жылы «Білім» қайта даярлау және біліктілікті арттыру институтында «Білім берудегі менеджмент. Орта білім беру ұйымы басшысының ұйымдастырушылық-педагогикалық қызметін жобалау және жүзеге асыру» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, кәсіби басқарушылық және педагогикалық құзыреттерін жетілдірді.
Таңсықбаева Балнұр Шәкенқызы

Музыкалық-теориялық пәндерінің оқытушысы. Педагог-стажер. Білімі: Қарағанды қ., Тәттімбет атындағы өнер колледжі, мамандығы БММ оқытушысы (2015-2019); Алматы қ., Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Музыкатану мамандығы (2019-2023); 2023 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында осы мамандық бойынша магистратурада оқуын жалғастырып, дәстүрлі музыка бағыты бойынша магистрлік диссертациясын сәтті қорғады. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ-да сольфеджио, гармония пәндерінің оқытушысы. Ғылыми-зерттеу жұмысына VI Республикалық магистрлік оқуларға (2024) қатысу, сондай-ақ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар материалдарында мақалалар жариялау кіреді.


