А. Жұбанов атындағы мектептің мыс үрлемелі және ұрмалы аспаптар бөлімі мен педагог-музыканттарының жетістігі ретінде, үздік нәтиже көрсетіп жүрген оқушылар мен түлектердің есімі республика көлемінде жақсы таныс екендігін айтуға болады. Әр буын өкілдері кәсіби шеберліктерін шыңдай отырып, жұмыс сапасын жоғары деңгейге көтеруге атсалысты. Шәкірттерінің орындаушылық техникасын арттырып, көркемдік талғамын қалыптастыруға ықпал етті. Өз аспабын жетік меңгерген бесаспап маман болып шығуы үшін жалықпай ізденіп, сүбелі үлес қосты.
Академиялық дәрежедегі музыкалық білім жүйесінде мыс үрлемелі және ұрмалы аспаптарда ойнау мектебі маңызды рөл атқарады. Кез-келген мемлекеттің мәдени даму сатысында көркемдік талғамының көрсеткіші ретінде де өнер ұжымдары бағаланады. Әсіресе, алдыңғы қатарлы академиялық, үрлемелі аспаптар оркестрінің орны бөлек. Сондықтан А.Жұбанов мектебіндегі мыс үрлемелі және ұрмалы аспаптар бөлімі алғашқылардың бірі болып ашылған.
Тұңғыш директор Т.М.Өзбеков басқарған ұжымның көздегені – республикадағы өнер ұжымдарына қажетті маман тәрбиелеп, жоғары санатты педагогтар мен жеке орындаушылар дайындау еді. Сол уақыттағы мұғалімдер Мәскеу мен КСРО құрамындағы одақтас республикалардың жоғарғы оқу орынын бітіріп келген тәжірибелі мамандар болатын. Бірқатары еліміздегі Мемлекеттік симфониялық оркестрде, Абай атындағы Опера және балет театрында, басқа да танымал ансамбльдер мен бірлестіктерде жұмыс істеп, ысылып қалған. Сондай-ақ Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының оқытушылары алма-кезек дәріс берді.
Бөлімнің негізін қалаушылары – Түркістан Мақсұтұлы Өзбеков (труба), У.Н.Нүсіпов (фагот), А.З.Димонт (валторна), И.А. Листов (тромбон), А.Б. Бектаев (ұрмалы аспаптар), Ю.С.Клушкин (труба) сынды аға буын өкілдері.
Мыс үрлемелі және ұрмалы аспаптарда ойнауды үйрету әдістемесі мен жұмыс жүргізу тәсілі Қазақстан музыкалық-педагогикалық білім-жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Мыс үрлемелі және ұрмалы аспаптарда ойнау мәдениеті отандық музыкалықпедагогика ғылымында тамырын тереңге жая қоймағаны рас. Соған қарамастан, даму үдерісі бірден жолға түсіп, толағай табыстарға қол жеткізді. Орыстың озық ойлы ғұламаларының еңбектері мен орындаушылық мектебінен үлгі ала отырып, өз тұжырымдамасын жасады.
1970–80 жылы оқушылар санының артуына байланысты, педагогтар қатарына қалыптасқан дәстүр бойынша республикаға белгілі музыканттар мен мемлекеттік симфониялық оркестрдің солистері көптеп шақырыла бастады.
Әр жылдары үрлемелі оркестрге Д.Ф.Тихонов, Э.Феллер, С.А.Андасбай жетекшілік етті. Жоғарыдағы музыканттардың қайсысы болмасын мектептің ғана емес, республикадағы үрлемелі аспап орындаушыларының аяғынан нық тұруына сеп болды.
Ортамыздан бақилыққа ерте аттанған педагогтар мен қыршын кеткен түлектердің жарқын істері мен нұрлы жүздері ешқашан ұмытылмақ емес. Қырық жылдай табан аудармай тер төккен ұрмалы аспаптар бөлімінің негізін қалаған А.Б.Бектаев, түлектеріміз С.Г.Ирғалиев, Ж.О.Иманкарин, К.А. Жұмакенов, Е. Абдуловтар жүрегімізде мәңгі сақталады.
Көзі тірісінде бүкілодақтық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған талантты музыканттар жеткен жетістіктері мен жинаған тәжірибелерімен бөлісіп, шәкірттерінің деңгейін көтерді. Бар жиған-тергендерін өнерлі өрендердің бойына сіңіруге тырысты, мәңгі аманаттап артында қалдырды.
Үрлемелі аспаптар бөлімінің кейбір түлектері жоғары кәсіби мамандық алып, белгілі музыкантқа айналды. Өнер ұжымдарына жетекшілік етіп, басшылық қызметте де өздерін көрсетіп жүр. Қарағанды облыстық филармониясын әр жылдары басқарған, Астана қаласы мәдениет басқармасының бастығы Б.Байсағатов, Президент оркестрінің бас дирижеры Т.Ерғалиев, Қорғаныс министрлігі орталық ансамблі, эстрадалық-симфониялық оркестрінің бас дирижері Қ.Айтбаев, Қорғаныс министрлігі орталық ансамблінің жетекшісі Е.Жұмакенов, Қорғаныс министрлігі орталық әскери оркестрінің әскери дирижері Д.Бөлтіріков және басқалар. Бөлім оқушылары үрлемелі аспаптар саласы бойынша өтетін байқауларға жиі қатысады. Жас орындаушылардың республикалық конкурсы, А.Жұбанов атындағы орындаушылардың халықаралық байқауы, «АстанаМерей» республикалық байқауы, жас таланттарға арналған «Дельфий ойындары», «Шабыт» халықаралық конкурсфестивалінің жүлделі орындарын берген емес. Рязань, Тольятти, Новосібір, Орынбор және Петербор қаласындағы Мравинский атындағы және басқа да халықаралық шараларда бақ сынап қайтты. Бөлім ұстаздары жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмай, үнемі ізденіпөсуге күш салады. Түрлі концерттерге қатысып, шығармашылық кештер ұйымдастырады. Мыс үрлемелі және ұрмалы аспаптар бөлімінде тәжірибе алмасу, шәкірт тәрбиелеу істері бүгінге дейін сақталған. Көптеген түлек жоғарғы оқу орнын бітірген соң, туған мектебіне ұстаздық етуге қайтып келеді. Шәкірттер дайындап, жетістікке жетелейді.
Қазіргі уақытта бөлімдегі педагогикалық құрам фагот сыныбының оқытушысы, ҚР Мәдениет қайраткері Н.А.Айғалқаев, валторна сыныбының ұстазы Б.Е.Кәрібаев, Б.Ө.Мамутбаев, труба сыныбының ұстазы Е.И. Бейсембаев, тромбон сыныбының ұстазы, ҚР Мәдениет қайраткері М.К.Бисенғалиев, үрлемелі аспаптар оркестрінің дирижері, Мәскеу консерваториясы жанындағы әскери дирижерлық кафедра түлегі Е.Ташимов және жас мамандар С.Ө.Мамутбаев, Н.М.Сүнәділлә, Р.А.Тоқабай және С.Қадырбеков дәріс береді. Ұрмалы аспаптарда оқыту жұмысын ұзақ жылдан бері Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық халық аспаптары оркестрінің бұрынғы артисі К.Т.Бектаев табандылықпен алға сүйреп келеді. 2012 жылы бөлімде талантты музыкант, өз ісінің шебері, композитор өңдеуші Нұрлан Байкөзовтің жетекшілігімен құрылған бигбэнд ұжымы 2014 жылы эстрада-симфониялық оркестрі болып қайта жасақталды. Жаңа ұжымның репертуарында еліміз бен шет ел эстрадасында танымал джаз үлгісіндегі шығармалар бар. Қазіргі таңда бигбэнд оркестрінің дирижеры мектебіміздің түлегі Нұрболсын Төлеухан.
А.Жұбанов атындағы халықаралық жас орындаушылар байқауының танымдылығы артты. Жыл сайын қатысушылардың географиясы кеңейіп, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Балтық жағалауы елдерінен үміткерлер келе бастады. Мыс үрлемелі және ұрмалы аспаптар бөлімі Гранпри, І, ІІ, ІІІ орын алып, дипломант атанған өз түлектерін мақтаныш етеді. Олардың басым бөлігі түрлі байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты, жеңімпаз-дипломанттары. А.Жұбанов атындағы халықаралық жас орындаушылар байқауының қазылар алқасының құрамына халықарылық деңгейдегі танымал музыканттарды шақыру дәстүрге айналған. Бір сөзбен айтқанда, мыс үрлемелі аспаптар бөліміндегі педагогтардың кәсіби құрамы – жарқын болашақ кепілі. Бұл кадрлық мәселелерді шешудегі бірегей орын. Қазақстан музыка өнеріндегі жаңа толқын педагог мамандарды тәрбиелейтін қасиетті құтхана.





ТАШИМОВ ЕРҒАЗЫ ДАРИЯБЕКҰЛЫ
«Мыс үрлемелі және ұрмалы аспаптар» бөлімінің меңгерушісі, оқытушысы.
Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты

Білімі:
Орта білімі: Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка орта мектеп- интернатында білім алған (2005 ж.), педагог М.К.Бисенгалиевтың сыныбы.
Жоғары білімі: 2010 жылы РФ-ның Қарулы күштерінің министрлігінің әскери университетінде дирижерлеу мамандығы бойынша толық курсын бітірді.
Біліктілігі:
Педагог, тромбон аспабының және дирижерлау пәнінің оқытушысы.
Педагогикалық қызметі:
2011 жылдан бастап Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ; 2014 жылдан бастап Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академикалық филармониясында Т.Абдрашев атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестр әртісі.
Ерғазы Дариябекұлы Еуропа, Азиядағы халықаралық сахналарда өнер көрсетті, әлемдік сахнаның көрнекті орындаушылары мен дирижерлерімен жұмыс істеді.
Мамутбаев Бейбіт Өмірбекұлы

• 1996-2001 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алып, кәсіби музыка саласының білікті маманы ретінде қалыптасты. Ал еңбек жолын 2001 жылдан бастап Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академикалық филармониясында Төлепберген Абдрашев атындағы ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің әртісі болып бастаған. Ол оркестр құрамында көптеген концерттерде жеке орындауда өнер көрсетіп жүр.
• Алғыс хат.
• 2019 жылы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғарғы колледжі оған кәсіби шеберлігі мен педагогикалық жұмыстағы жетістіктері үшін
• 2023 ж .А. Қ. Жубанов конкурсы. Диплом. Лауереат дайындаганы үшін
• 2024 жылы Павлодар қаласында наурыз айында өткен конкурсқа қатысушы дайындағаны үшін Алғыс хат.
• 2024 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің “Мәдениет саласының уздігі N187 НҚ 14.05.2024ж төсбелгісімен марапатталды.
• 2025 жылы Қазақстан Республикасы “Астана-мерей”конкурсында лауреат дайындаган үшін алғыс хат.
Бейсембаев Ермек Избасарович
«Мыс үрлемелі және ұрмалы аспаптар» бөлімінің оқытушысы, педагог

Білімі:
Жоғары:
1974-1979 ж. Құрманғазы атындағы АМК. 2018 жылдан бастап А.Жұбанов атындағы РҚМММИ труба аспабы бойынша дәріс беруде.
2023 жылы ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Халықаралық республикалық деңгейдегі байқауларда лауреаттарды дайындады.
Сүнәділла Нұрсұлтан Мейірбекұлы
Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты,
Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының мыс үрмелі және ұрмалы аспаптар бөлімінің ұстазы, концерттік жұмыстар жөніндегі көркемдік жетекші

А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектепті тромбон мамандығы бойынша үздік бітірген. Педагог М.К.Бисенгалиевтың сыныбы.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «аспапта орындаушылық» факультетінің, тромбон мамандығы бойынша түлегі. 2024 жылдан бастап аталған мектепте педагог санатында еңбек етуде. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап, Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында қызмет атқаруда.
Тоқабай Райымбек Ансабекұлы
«Мыс үрлемелі және ұрмалы аспаптар» бөлімінің оқытушысы

Қазақстандық трубашы, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы оркестрінің әртисі.
Жалпы еңбек өтілі 10 жыл.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын және Ресейдегі Глинка консерваториясын тәмамдаған. Министрліктен екі рет алғыс хат алған (2020, 2022).
Сонымен қатар, А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатында «Мыс үрмелі және ұрмалы аспаптар» бөлімінің ұстазы болып қызмет етуде.
Мамутбаев Сырым Өміржанұлы
«Мыс үрлемелі және ұрмалы аспаптар» бөлімінің оқытушысы

Білімі:
Жоғары: 2012–2016 жж. Құрманғазы атындағы ҚҰК «Аспаптық орындаушылық» мамандығы бойынша бакалавриатты, 2018–2020 жж. магистратураны тәмамдады.
2025 жылдың қыркүйек айынан бастап Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп – интернатында ұстаздық қызметін атқарып келеді. Халықаралық республикалық деңгейдегі байқауларда лауреаттарды дайындады.
Қадырбеков Санжар
«Мыс үрлемелі және ұрмалы аспаптар» бөлімінің оқытушысы, педагог

Білімі:
Жоғары: 2018 – 2022 жылы Құрманғазы атындағы ҚҰК тәмамдаған.
Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты.
2024 жылдан бастап Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ қызмет етіп келеді.
Нұрболсын Төлеухан Бақытбекович
Қазақстандық музыкант-мультиинструменталист, композитор және педагог

Академиялық музыка, джаз және этникалық дәстүрлер қиылысында жұмыс істейді. Тромбон, бас-тромбон, туба және фортепианода орындаушы.
Ол А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатын және Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясын тәмамдаған, сол жерде магистратураны да аяқтаған.
Оның шығармашылық қызметі қазақ музыкалық дәстүрін қазіргі заманғы әлемдік музыкалық тәжірибелермен біріктіреді. Музыкант Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы халықаралық сахналарда өнер көрсетті, әлемдік сахнаның көрнекті орындаушылары мен дирижерлерімен ынтымақтасып, бірнеше авторлық музыкалық жобалардың және білім беру бастамаларының негізін қалаушы болып табылады. 2000 жылдан бастап International Association of Jazz Educators (Жаңа Орлеан, АҚШ) мүшесі болып табылады.
2008 жылдан бері India-ның Symphony Orchestra оркестрімен ынтымақтасады.
Өнер жолында музыкант төрт континентте — Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка сахналарында өнер көрсетті. Оның концерттік географиясына Швейцария, Германия, Ұлыбритания, Нидерланды, Латвия, Литва, Ресей, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Бразилия, Аргентина, сондай-ақ Орталық Азия елдері кіреді.
Ол ең ірі халықаралық музыкалық фестивальдерге қатысқан, соның ішінде әлемдегі ең танымал джаз фестивальдерінің бірі — North Sea Jazz Festival.
Әртүрлі жылдары Нұрболсын әлемдік сахнаның көрнекті музыканттарымен өнер көрсетті және ынтымақтастықта болды, олардың қатарында:
Zakir Hussain, Rakesh Chaurasia, Shankar Mahadevan, L. Subramaniam, Béla Fleck, Edgar Meyer, Frank McComb, Yoran Vroom
Сонымен қатар ол әлемнің жетекші оркестрлерінің музыканттарымен бір сахнада өнер көрсетті, оның ішінде:
London Symphony Orchestra
Royal Concertgebouw Orchestra
Сахналық серіктестері қатарында — трубада орындаушы Esteban Batallán
(Chicago Symphony)